Түркістанда кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері түсіндірілді

17.08.2026
Түркістанда кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері түсіндірілді

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында өңір кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын түсіндіруге бағытталған кездесу өтті.

Іс-шара барысында кәсіпкерлерге «Игілік», «Береке», «Жайлау» және «Ауыл аманаты» бағдарламаларының негізгі талаптары, несие алу тәртібі, қаржыландыру бағыттары мен қатысушыларға қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, несие рәсімдеу кезінде кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдік беру тетіктері жөнінде де түсіндірме ұсынылды.

Изображение

Кездесуде «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілдері сөз сөйлеп, өз бағыттары бойынша қаржыландыру шарттарын таныстырды.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бахытжан Құралбаевтың айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге қолданыстағы мемлекеттік қолдау құралдарын түсінікті әрі қолжетімді түрде жеткізу.

Изображение

«Бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары бар. Алайда кәсіпкерлердің көпшілігі олардың талаптары мен несие алу тетіктерін толық біле бермейді. Сондықтан біз қаржы институттарының өкілдерін бір алаңға жинап, кәсіпкерлерге нақты ақпарат беруді көздеп отырмыз. Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің өз жобаларына сәйкес келетін қаржыландыру көзін дұрыс таңдауына мүмкіндік береді», – деді Бахытжан Құралбаев.

 

Изображение

Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қаржы ұйымдарының өкілдерінен нақты жауаптар алды. Мамандар кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға қатысты мәселелері бойынша жеке кеңес беруге дайын екендерін жеткізді.