Түркістан облысы кәсіпкерлері Қытай бизнесімен жаңа байланыстар орнатуда
Алматы қаласында 20–22 тамыз аралығында өтіп жатқан халықаралық іскерлік іс-шараға Қытайдың 300-ден астам компаниясы мен өндірістік кәсіпорны қатысуда. Ауқымды алаңда кәсіпкерлерге тікелей өндірушілермен байланыс орнату, жаңа өнімдер мен технологияларды зерделеу, инвестициялық және сауда жобаларын талқылау мүмкіндігі ұсынылған.
Маңызды басқосуға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асылан Ибадуллаев та қатысып, өңір кәсіпкерлерінің халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейтуге бағытталған кездесулерге атсалысуда.

Іс-шара барысында Қытайдың бірқатар өңірлерінен келген мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері Қазақстандық кәсіпкерлермен әріптестік орнатудың нақты бағыттарын талқылауда. Атап айтқанда, сауда, өндіріс, инвестиция, логистика, дистрибуция және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілуде.
Түркістан облысы үшін бұл алаңның маңызы зор. Себебі өңір кәсіпкерлері Қытай нарығына шығу, өндірістік кооперация орнату және жаңа серіктестер тарту арқылы өз өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыра алады. Сонымен қатар Қытай компаниялары Орталық Азиядан ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік пен шикізат, минералдық ресурстар, тоқыма шикізаты және өзге де экспорттық әлеуеті жоғары тауарларды жеткізушілерді іздеуде.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – өңір бизнесінің жаңа нарықтарға шығуына жағдай жасау, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және отандық кәсіпкерлердің халықаралық серіктестік орнатуына нақты қолдау көрсету. Осы тұрғыдан алғанда, Қытай бизнесінің Алматыдағы іскерлік алаңы түркістандық кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашатын маңызды мүмкіндіктердің бірі болып отыр.