Кәсіпкерлерге қоғамдық тамақтану саласындағы санитариялық талаптар түсіндірілді

24.08.2026
Кәсіпкерлерге қоғамдық тамақтану саласындағы санитариялық талаптар түсіндірілді

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің қатысуымен түсіндіру кездесуі өтті. Жиын барысында тамақтану орындарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, өндірістік бақылауды ұйымдастыру, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.

Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге қолданыстағы санитариялық талаптарды түсіндіру, олардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беру және қоғамдық тамақтану нысандарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу жұмыстарын күшейту.

Іс-шара барысында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған ақпараттар негізінде қоғамдық тамақтану объектілерінің эпидемиологиялық мәніне қарай қойылатын талаптар түсіндірілді. Атап айтқанда, нысанның санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы немесе қызметтің басталғаны туралы хабарламаның рәсімделуі, өндірістік бақылау бағдарламасының жүргізілуі, шикізат пен өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы және қызметкерлердің тиісті медициналық тексеруден өтуі қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындарында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су бұру жүйесінің талапқа сай болуы, жарықтандыру, желдету, жылу жүйелерінің жұмыс істеуі, азық-түлікті сақтау, тасымалдау және дайындау технологияларын қатаң сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Изображение

Жиында санитариялық талаптарды сақтамау адам денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні айтылды. Мәселен, ұсынылған деректер бойынша 2025 жылы Түркістан қаласында қоғамдық тамақтану орнында жаппай тамақтан уланудың бір жағдайы тіркеліп, 68 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Сайрам ауданында 26 адамды қамтыған жағдай болған. Аталған оқиғаларда рұқсат құжаттарының болмауы, қызметкерлердің медициналық кітапшаларына қатысты талаптардың сақталмауы, өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы және санитариялық талаптардың орындалмауы секілді бірқатар мәселелер анықталған.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Сардорбек Шамсиддиновтың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – кәсіпкерге талап қою ғана емес, оның өз қызметін заң талаптарына сәйкес әрі қауіпсіз жүргізуіне қажетті ақпаратты алдын ала жеткізу.

«Кәсіпкер үшін санитариялық талаптарды сақтау – тек бақылаушы органның талабы емес, ең алдымен тұтынушының қауіпсіздігіне деген жауапкершілік. Қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін әрбір кәсіпкер өз нысанына қойылатын талаптарды нақты білуі және оларды күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі ретінде қарастыруы қажет. Осындай түсіндіру кездесулері кәсіпкерлерге талаптарды алдын ала түсініп, өз жұмысын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға ықпал ету», – деді Сардорбек Шамсиддинов.

Изображение

Кездесуде қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлеріне қойылатын медициналық талаптар да түсіндірілді. Атап айтқанда, қызметкерлердің алдын ала және мерзімді медициналық қарап-тексеруден өтуі, қажетті зертханалық тексерулерден өтуі және жеке медициналық кітапшаларының болуы маңызды екені айтылды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу электрондық форматта жүзеге асырылатыны да назарға салынды.