Ордабасыда мал сүйегін өңдейтін зауыт іске қосылады

29.08.2026
Ордабасыда мал сүйегін өңдейтін зауыт іске қосылады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданында орналасқан «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясының май және желатин компоненттерін өндіретін зауытының құрылыс барысымен танысты.

Темірлан елді мекенінде орналасқан кәсіпорын мал шаруашылығынан шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, сүйекті терең өңдеуге бағытталған. Зауытта мал сүйектерінен май және желатин компоненттері өндіріледі. Сонымен қатар сүйекті ұнтақтап, одан әртүрлі ыдыстар мен өзге де өнімдер, сондай-ақ жем өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Изображение

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 9 млрд теңге. Оның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынған. Бірінші кезеңді биыл қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде 30 адам жұмыспен қамтылады.

Кәсіпорын жылына 5 мың тонна май және желатин компоненттерін өндіруге қауқарлы. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазіргі таңда зауыттағы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Бүгінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.

Изображение

Инвестор алдағы уақытта өндіріс көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, мал қанын да кәдеге жаратып, одан қосымша өнім өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі бордақылау алаңдарында жиналатын мал сүйектерін осы кәсіпорынға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тізбегін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Изображение

Кәсіпорынның жұмыс барысына Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев та қатысты. Ол өндірістің өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында қажетті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ жаңа кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, қайта өңдеу саласын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.