Қызылордада кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өзекті мәселелерді бірлесіп талқылады
2026 жылғы 26 тамызда Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің бірлескен отырысы өтті. Жиынға Палата директоры Ділмұхамед Әбізов модераторлық етті.
Отырыста кәсіпкерлер қызметіне қатысты өзекті мәселелер қаралып, мемлекеттік органдар өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, құрылыс нысандарын мемлекеттік қабылдау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру тәртібі, сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін объектілердің қолжетімділігін растау жөніндегі сәйкестік декларациясын келісу және қол қою рәсімі түсіндірілді.
Жиын барысында кәсіпкерлік нысандарындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустардың болуы және олардың қолданыстағы стандарттарға сәйкестігі мәселесі де көтерілді. Осыған байланысты Палата директоры Ділмұхамед Әбізов талапқа сай келмейтін пандустардың тек кәсіпкерлік нысандарында ғана емес, кейбір мемлекеттік мекемелерде де кездесетінін атап өтті. Сонымен қатар ол өңірдегі барлық кәсіпкерлік нысандарын толықтай бақылап, қадағалау оңай емес екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар кәсіпкерлер мен құзырлы органдардың бірлескен жауапкершілігі арқылы ғана нәтижелі болатынын жеткізді.
Сонымен қатар Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Асыл Жанабаев кәсіпкерлерге сотталған азаматтарды жұмыспен қамту тетіктері туралы баяндады. Ол мұндай азаматтарды еңбекке тартатын жұмыс берушілерге заңнамада бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын айтып, сотталғандардың еңбек тәртібі мен жауапкершілігі қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Палата директоры Ділмұхамед Әбізов кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністік пен серіктестіктің маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік органдардың басты міндеті – кәсіпкерді жазалау емес, заң талаптарын сақтауға бағыт беру және алдын алу жұмыстарын күшейту. Құзырлы органдар кәсіпкерлер үшін жазалаушы органға айналмауы керек. Барлық мәселені өзара түсіністікпен қарап, ескеріп, ортақ қаламызды және өңірімізді дамыту жолында бірлесіп жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз», – деді Палата директоры.
Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, көтерілген мәселелер бойынша нақты түсіндірулер ұсынылды.