Алакөлдегі Арбат: қауіпсіздік пен кәсіпкерлік арасындағы шектеу
Алакөлдің курорттық аймағында туристік нысандардың жұмысына әсер ететін мәселелердің бірі – Арбат көшесіндегі автокөлік қозғалысына қойылған шектеулер. Осы мәселе Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің отырысында талқыланды.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қолданыстағы тәртіп демалыс орындарына келетін қонақтар мен қызмет көрсететін көліктердің қозғалысын қиындатады. Әсіресе туристік маусым кезінде бұл жағдай кәсіпкерлік нысандардың жұмысына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты Кеңес отырысында шлагбаум орнатудың және көлік қозғалысын шектеудің құқықтық негіздері қаралды. Мақаншы ауданы әкімдігінің өкілі қабылданған шараларға қатысты түсініктеме берді.
Ал Полиция департаментінің өкілі курорттық аймақтағы қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Өйткені демалыс маусымында Алакөлге келушілер саны артқан сайын көлік қозғалысын реттеу қажеттілігі де күшейеді.
Талқылау барысында екі талаптың да ескерілуі қажет екені айтылды: бір жағынан, қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек, екінші жағынан, туристік бизнес субъектілерінің жұмысына негізсіз кедергі болмауы тиіс.
Осы ретте демалыс базаларының қонақтары, туристік нысандардың иелері және қызмет көрсетуші көлік үшін қозғалысты реттеудің тиімді тәртібін енгізу жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша мәселені мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау туралы шешім қабылданды. Негізгі мақсат – курорттық аймақтағы қауіпсіздікті сақтай отырып, кәсіпкерлердің қалыпты жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау.