Мемлекеттік сатып алулар: кәсіпкер нені білуі керек
Мемлекеттік сатып алулар саласындағы даулардың едәуір бөлігі шарт жасалғаннан кейін туындайды. 2026 жылдың өткен кезеңінде сотқа 599 талап арыз бен іс келіп түскен, оның 428-і жасалған шарттарды орындауға байланысты. Бұл туралы «Сіздің құқығыңыз» жобасының кезекті эфирі барысында Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары Арман Хажумуханов пен Азат Ибрагимов айтып берді.
Судьялар мемлекеттік сатып алулар саласында жиі кездесетін даулар мен өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды.
Тәжірибеде кәсіпкерлер тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету мерзімдерін бұзу, шарттық міндеттемелерді орындамау, тұрақсыздық айыбын өндіріп алу, шарттарды бұзу немесе өзгерту, сондай-ақ өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тануға байланысты дауларға жиі тап болады.
Судьялардың атап өткеніндей, мемлекеттік сатып алуларға қатысу – бұл тек шарт жасасу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар оны тиісінше орындау жауапкершілігі. Сондықтан өтінім бермес бұрын, әсіресе әртүрлі өңірлерде бірнеше шарт жасасу жоспарланған жағдайда, өздерінің қаржылық, кадрлық және материалдық мүмкіндіктерін объективті бағалау қажет.
Міндеттемелерді уақтылы орындау, шартта көзделген қамтамасыз етуді енгізу, белгіленген мерзімдерді сақтау және қосымша жұмыстарға немесе қызметтерге тек ауызша келісімдер негізінде кіріспеу маңызды. Шарт талаптарына енгізілетін барлық өзгерістер тиісті түрде құжатпен рәсімделуі тиіс.
Міндеттемелердің орындалуын құжаттамалық тұрғыдан растауға ерекше назар аудару қажет: хат алмасуды, актілерді, жүкқұжаттарды, шоттарды, фотосуреттерді, атқарушылық құжаттаманы және басқа да дәлелдемелерді сақтау қажет. Бұл даулар туындаған жағдайда маңызды рөл атқаруы мүмкін.
«Бір шарт бойынша міндеттемелерді бұзудың өзі мемлекеттік сатып алулар саласындағы кәсіпкердің одан арғы қызметіне әсер етуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушыларының тізіліміне енгізілу 24 ай ішінде мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігінен айырады.
Сатып алуға жауапкершілікпен қарау, құжаттарды сауатты рәсімдеу және шарттық міндеттемелерді уақтылы орындау кәсіпкерлерге тәуекелдерді азайтып, сот дауларынан аулақ болуға көмектеседі», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.