Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерге ҚАЖ мекемелерінде өндірісті дамыту мүмкіндіктері таныстырылды

23.09.2026
Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерге ҚАЖ мекемелерінде өндірісті дамыту мүмкіндіктері таныстырылды

Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Батыс Қазақстан облысының прокуратурасымен бірлесіп, шағын және орта бизнес, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында қала және облыс кәсіпкерлеріне ҚАЖ жүйесінің №27 мекемесі аумағындағы өндірістік алаң таныстырылды. Атап айтқанда, жалпы аумағы 509 шаршы метрді құрайтын жаңа ангардың мүмкіндіктері көрсетілді. Мұнда тігін өндірісін және жеңіл өнеркәсіптің басқа да бағыттары бойынша өндіріс орындарын орналастыруға мүмкіндік бар.

Өндірісті іске қосу арқылы 60–70-тен астам сотталған адамды жұмыспен қамтуға, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастырып, тұрақты табыс табуына жағдай жасауға болады.

Кәсіпкерлерге мекеме аумағында өндіріс ашу мүмкіндіктері, мұндай ынтымақтастықтың артықшылықтары, сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы жаңашылдықтар мен бизнес үшін қарастырылған мүмкіндіктер түсіндірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өндірісті дамыту және сотталғандардың жұмыспен қамтылуын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.