БҚО-да әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды

26.08.2026
БҚО-да әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды

25 тамызда Батыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Жиында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібінде әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін заңнамалық преференциялар, мемлекеттік қолдау шаралары және кәсіпкерлердің қызмет барысында кездесетін негізгі кедергілер талқыланды.

Отырыста арнайы шақырылған спикер, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Гүлмира Пармышева сөз сөйлеп, әлеуметтік кәсіпкерлердің тізілімдері, қолданыстағы салықтық және қаржылық жеңілдіктер, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелері туралы айтып өтті.

Кездесуде әлеуметтік кәсіпкерлер үшін коммерциялық ғимараттарды жалға алу құнының жоғары болуы мәселесіне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлердің айтуынша, 1 шаршы метр үшін белгіленген нарықтық бағаның жоғарылығы әлеуметтік бағыттағы жобалардың шығынын арттырып, олардың рентабельділігіне кері әсер етеді. Отырыс қорытындысы бойынша БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен "Ақжайық" ӘКК "ҰК" АҚ бірлесіп, әлеуметтік кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттармен жалға беруге болатын коммуналдық мүлік пен СПК нысандарының тізілімін қалыптастыру мәселесін пысықтау туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік шараларын әзірлеу, оның ішінде жалға алу ақысына мақсатты субсидия беру және гранттық қаржыландыру бойынша ұсыныстар жолданатын болады.

Алдағы уақытта қатысушылардың ұсыныстары жинақталып, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін қолжетімді жалға алу алаңдарын қамтамасыз етуге бағытталған жол картасы әзірленеді. #бқокәсіпкерлерпалатасы #палатапредпринимателейзко #максаткуланбаев #мақсатқұланбаев