«Атамекен» ҰКП Инвестициялар департаментінің басшылығы «ALNAT PRODUCT» ЖШС-не барды

28.08.2026
«Атамекен» ҰКП Инвестициялар департаментінің басшылығы «ALNAT PRODUCT» ЖШС-не барды

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Атамекен» ҰКП Инвестициялар департаментінің басшылығы «ALNAT PRODUCT» ЖШС кәсіпорнына барды. Компания ет өңдеу өнеркәсібіне арналған табиғи және жасанды қабықшалар өндіретін қазақстандық өндірістік кәсіпорын болып табылады.
Кездесу барысында компания өкілдері кәсіпорынның қызметі, экспорттық әлеуеті және өндірісті одан әрі дамытуға әсер ететін негізгі мәселелер туралы айтып берді.
🔹 Негізгі мәселелердің бірі – қаржыландыру. Кәсіпорын өндірісті кеңейтіп, қосымша өндірістік желі сатып алуды жоспарлап отыр. Алайда меншікті жылжымайтын мүліктің болмауы және Қазақстанда қолдану аясы шектеулі мамандандырылған жабдықтарды бағалаудың қиындығы банк қаржыландыруын алуға кедергі келтіруде.
🔹 Электрмен жабдықтау мәселесі де талқыланды. Өндіріс тәулік бойы жұмыс істейді. Электр энергиясындағы үзілістер жабдықтың тоқтап қалуына, өзіндік құнның өсуіне және өндірістік процесті қайта іске қосуға ұзақ уақыт кетуіне әкелуі мүмкін. Кәсіпорын өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында дизель-генератор сатып алған.
🔹 Кәсіпорынды индустриялық аймаққа көшіру мүмкіндігі де қарастырылды. Компания басшылығының айтуынша, индустриялық аймақта орналасу меншікті өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға және жылжымайтын мүлік пен қажетті инженерлік коммуникацияларға қатысты бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тараптар экспорттық әлеуетті кеңейту және жаңа нарықтарға шығу, оның ішінде шетелдік әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесу мәселелерін талқылады. Компания өнімінің басым бөлігі экспортқа бағытталған. Негізгі тұтынушылар қатарында Нидерланд, Германия, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және ТМД елдері бар.
Кездесу қорытындысы бойынша Инвестициялар департаментінің өкілдері кәсіпорынды одан әрі сүйемелдеу және айтылған мәселелерді шешуге жәрдемдесу бағыттарын белгіледі.
Мұндай жұмыс кездесулері бизнестің нақты қажеттіліктерін тікелей зерделеуге, туындайтын кедергілерді жедел анықтауға және өндірісті дамыту мен өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен шешімдерді іздеуге мүмкіндік береді. #бқокәсіпкерлерпалатасы #палатапредпринимателейзко #максаткуланбаев #мақсатқұланбаев