Ауылдан - нарыққа: Ақтөбеде үздік 10 жергілікті бренд анықталады

01.09.2026
Ауылдан - нарыққа: Ақтөбеде үздік 10 жергілікті бренд анықталады

4 қыркүйекте Ақтөбеде «Бір ауыл - бір өнім» жобасының жартылай финалистерінің көрме-жәрмеңкесі өтеді. Қала мен облыс аудандарынан келген 20 кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, өңірлік кезеңнің финалына жолдама үшін бақ сынайды. Сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін «Анаға тағзым» орталығының алдында (Ақтөбе қ., Алтын Орда шағын ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 14Б) жергілікті шикізаттан жасалған табиғи, ерекше әрі өзіндік ерекшелігі бар өнімдерді тамашалауға болады.

Көрмеде қымыз, ет және сүт өнімдері, шоколадтағы жент, кондитерлік өнімдер, ұн, былғары, киіз және қой жүнінен жасалған бұйымдар, тоқыма өнімдері, дәрілік шөптер, кәдесыйлар және басқа да тауарлар ұсынылады.

Сонымен қатар кәсіпкерлер өз жобаларын Бренд-комитетке таныстырады. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтарының өкілдері, сарапшылар, БАҚ, қаржы ұйымдары мен даму институттарының өкілдері, қоғам белсенділері және жеке ұйымдардың басшылары енген.

Сарапшылар өнімдердің сапасы мен болашағын, жергілікті ресурстармен байланысын, өндіріс технологиясын және одан әрі даму мүмкіндігін бағалайды.

Іріктеу қорытындысы бойынша үздік 10 тауар өндіруші анықталады. Олар республикалық көрмеде Ақтөбе облысының атынан қатысып, мемлекеттік гранттарға үміткер болу мүмкіндігіне ие болады.

Биыл жобаға облыс қаласы мен аудандарынан кәсіпкерлерден 50 өтінім келіп түсті. 15 шілдеде «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі аясында өткен алғашқы іріктеу қорытындысы бойынша 20 өндіруші жартылай финалға өтті.

«Бір ауыл - бір өнім» жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады. Жобаның негізгі мақсаты - жергілікті өндірісті дамыту, өңірлік брендтерді ілгерілету және отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға қолдау көрсету.

Жобаның тиімділігі өткен жылдардағы нәтижелерден де көрінеді. Үш жыл ішінде Ақтөбе облысында жобаға 132 өтінім келіп түсіп, көрмелерге 97 кәсіпкер қатысты, 9 финалист анықталды. Ал өткен жылдардағы үш финалист әрқайсысы 5 млн теңгеге дейін, жалпы сомасы 15 млн теңге мемлекеттік грант иеленді.

 

БАҚ өкілдерін көрме-жәрмеңкеге және жоба қатысушыларын қорытынды іріктеуге ақпараттық қолдау көрсетуге шақырамыз.

 

4 қыркүйек 2026 жыл | 10:00-14:00

«Анаға тағзым» орталығы, Алтын Орда шағын ауданы,

Тәуелсіздік даңғылы, 14Б.