Ақтөбеде Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық сот бизнестің құқықтарын қорғау бағытындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға келісті
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Әлібек Ахметовпен кездесу өткізді. Тараптар өңір кәсіпкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Әлібек Ахметов Кәсіпкерлер палатасымен сындарлы ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бұдан әрі өзара іс-қимыл тетіктерін айқындауға, оның ішінде кәсіпкерлердің жеке қабылдауларын, дөңгелек үстелдер мен басқа да бірлескен іс-шараларды өткізуді ұйымдастыруға келісті.
«Бизнес үшін өз құқықтарын білу ғана емес, сонымен қатар білікті көмек пен қорғауды жедел алу мүмкіндігінің болуы да маңызды. Сот органдарымен ашық диалог орнату кәсіпкерлердің проблемалық мәселелеріне неғұрлым тиімді ден қоюға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Дидар Боранқұлов.
Кездесу барысында Ақтөбе облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралатын сот процестері шеңберінде Кәсіпкерлер палатасының медиация рәсімдеріне ықтимал қатысу мәселелері де талқыланды. Тараптар заңнама талаптарын ескере отырып, мұндай өзара іс-қимыл тетіктерін жұмыс тәртібімен қосымша талқылауға келісті.
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының сот органдарымен өзара іс-қимыл бойынша оң тәжірибесі бар. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотпен жасалған меморандум аясында бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша бірлескен жұмыс жолға қойылған.
Дидар Боранқұлов атап өткендей, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау Палата жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден 134 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,3%-ға көп. 51 өтініш бойынша оң шешімге қол жеткізілді. Есепті кезеңде Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 6 отырысы өткізілді, оның ішінде 2 отырыс көшпелі форматта ұйымдастырылды. Отырыстарда 12 жүйелі мәселе қаралып, 63 ұсыным әзірленді. Оның 41-і қазіргі уақытта орындалды. Палатаның жүргізген жұмысының нәтижесінде жалпы сомасы 619 млн теңгені құрайтын 13 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалды. Сонымен қатар нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша 48 сараптамалық қорытынды әзірленіп, оның 3-інде ескертулер білдірілді. Бизнестің жүйелі проблемаларының республикалық тізілімі арқылы 28 мәселе сүйемелденуде. Оның 10-ы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарауында болса, тағы 13 мәселе мемлекеттік органдардың қарауына жолданған.
Тараптар өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және өңір кәсіпкерлерінің құқықтарын жедел қорғау мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Кездесуге сондай-ақ Палата директорының орынбасары Руслан Күйшинов, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының м. а. Гүлнара Тілепова және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының м. а. Ләззат Бисенова қатысты.
Жұмыс «Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру шеңберінде жүргізіледі.
