Павлодарлық «Атамекен» палатасы бизнеске тауарларды өткізу географиясын кеңейтуге көмектеседі
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстанда өндірілген тауарларды дистрибьютор ретінде сататын «Қазақстан сауда үйі» жобасының өкілдері сөз сөйледі.

Кездесуді «Атамекен» ӨКП директоры Айдос Шайхислам өткізді. Жобаның мүддесін таныстырған спикерлер «Қазақстан сауда үйі» – Қазақстан өнімдерін Ресей нарығында ілгерілетуге бағытталған, мемлекет қолдау көрсететін ұйым екенін атап өтті. Жоба Қазақстанның Екатеринбургтегі Бас консулдығы мен Челябі облысының үкіметінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылуда. Сауда үйінің ұсынысы – оның өзі Қазақстанда, соның ішінде Павлодарда өндірілген тауарларды Ресейде дистрибьютор ретінде сатуы.
«Командамыздың нарықтағы нақты 15 жылдық тәжірибесі бар. Біз сауда желісін табысты басқарып келеміз, мемлекеттік органдармен жұмыс істеудің барлық қыр-сырын және жеткізушілермен сенімді қарым-қатынас орнатуды жақсы түсінеміз», – деп мәлімдеді жоба өкілдері.

Олардың айтуынша, жобаға қосылған павлодарлық серіктес бірқатар артықшылыққа ие болады: шығындарды азайту, логистиканы оңтайландыру, «сұр» схемаларды болдырмау, жылдамдық пен болжамдылықты арттыру (тауарлар белгіленген мерзімде нақты жеткізіледі), тәуекелдерді барынша азайту (сауда үйі әрбір мәміленің заңдық тазалығына кепілдік береді), жаңа нарықтарға қол жеткізу, сондай-ақ павлодарлық кәсіпкерлер үшін ЕАЭО нарығында және одан тыс жерлерде бизнес жүргізуге жол ашады.
«Біздің ұйым 2013 жылдан бері бөлшек саудамен айналысады. Ресей нарығында өзін жақсы танытқан жеке сауда желілеріміз бар. Қазақстандық өнімдердің сапасы өте жоғары. 2013 жылы Челябі облысына кіріп, сол кезде алғашқы дүкенімізді аштық. Қазір бізде қазақстандық тауар өндірушілердің 14 000-нан астам тауар атауы бар. Дүкендерімізде сатылатын өнімдер өзін өте жақсы көрсетті», – деді «Қазақстан сауда үйінің» өкілдері.

Жоба өкілдерінің айтуынша, қазірдің өзінде павлодарлық «Кэмми» компаниясының өнімдері толық ассортиментпен ұсынылған. Олар макарон өнімдерінің де өзін өте жақсы танытқанын атап өтті. «Қазақстан сауда үйі» белгілі бір қазақстандық тауар өндірушінің өнімдерін толық ассортиментпен ұсынуға ұмтылады.
Бұл үшін оның өнімдерін Ресейдің жекелеген федералдық сауда желілеріне және Орал федералдық округінде орналасқан жергілікті сауда орындарына шығарады. Орал федералдық округінде Сауда өкілдігін («ҚР – РФ» зияткерлік хабы) құру жекелеген қызметтер емес, кешенді тәсіл болып табылады. Кездесуде атап өтілгендей, сауда үйі қазақстандық тауар өндірушілерге жеке-жеке қызметтер емес, сатып алуды және логистиканы оңтайландырудан бастап, мәмілелерді толық сүйемелдеуге, соның ішінде кедендік рәсімдеуге және фискалдық органдармен өзара іс-қимылға дейінгі толық циклді ұсынады. Осылайша, олар операциялық мәселелерді өз мойнына алып, кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ӨКП алаңындағы кездесу барысында жоба өкілдеріне павлодарлық «Айсберг-ПВ» және «Рубиком» компанияларының тарапынан бірқатар сұрақ қойылды.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тауар өндірушілеріміздің өткізу нарығының географиясын кеңейтуді өз алдына міндет етіп қойып отыр. Қолда бар проблемалық мәселелерді бірлескен күш-жігермен пысықтайық», – деді Айдос Шайхислам бизнес өкілдері мен павлодарлық мемлекеттік органдарға жүгіне отырып.
Ол бұл жобаны перспективалы деп атады.
