Балалар қауіпсіздігі және бизнес тұрақтылығы: «Атамекен» ҰКП-да балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарын дамыту мәселелері талқыланды

02.09.2026
Балалар қауіпсіздігі және бизнес тұрақтылығы: «Атамекен» ҰКП-да балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарын дамыту мәселелері талқыланды

«Атамекен» ҰКП-да балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының (ББСО) қызметіне қатысты мәселелер бойынша кеңес өтті. Жиын барысында жазғы маусым қорытындысы бойынша анықталған проблемалық мәселелер, сондай-ақ ұйымдардың жұмысын жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту шаралары талқыланды.

Талқылауға балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының (ББСО) өкілдері, Кәсіпкерлердің өңірлік палаталары жанындағы салалық кеңестер мен салалық қауымдастықтар, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті, Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің мамандары қатысты.

Басты міндет – балалардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ББСО саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі нақты жағдайлар қалыптастыру.

Изображение

Қазіргі уақытта маусымдық және жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының қызметі лицензиялауға жатады және білім беру қызметі, кадрлық қамтамасыз ету, қауіпсіздік, санитариялық жағдайлар, тамақтандыруды ұйымдастыру және инфрақұрылымның жай-күйі сияқты кең ауқымды мәселелерді қамтитын біліктілік талаптарымен реттеледі.

Қазіргі кезеңдегі мәліметтерге сәйкес, 86 ББСО-ның 51-і (59%) лицензия алған, тағы 22 нысан (26%) лицензия алу рәсімінен өтуде. Осылайша, ББСО-лардың 85%-ы лицензияға ие немесе лицензия алу рәсімінен өтіп жатыр. 11 өңірде жұмыс істеп тұрған нысандардың 100%-ы лицензияланған.

Қалған 15%-ы негізінен маусымдық қызметін аяқтаған немесе қызмет бейінін өзгерткен және лицензиялауға жатпайтын нысандарға тиесілі.

Кеңес барысында бизнес өкілдері ББСО қызметінде Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) мен салық заңнамасын қолдану, өрт қауіпсіздігі бойынша аудиттен өту, мемлекеттік сатып алуға қатысу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар «глэмпинг» ұғымын құқық қолдану практикасына енгізу мәселесі де талқыланды. Мемлекеттік органдардың мамандары аталған мәселелер бойынша түсіндірмелер берді.

Изображение

Не өзгерту қажет?

Кеңеске қатысушылар ББСО-лардың негізгі проблемалары қауіпсіздік талаптарын орындаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Олардың қатарында әкімшілік және қаржылық кедергілер, инфрақұрылымның жай-күйі және мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігі мәселелері бар.

Мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге ерекше назар аудару ұсынылды. Бұл ретте әртүрлі мемлекеттік органдардың талаптары өзара үйлесімді әрі ұйымдарға түсінікті болуы және олардың келесі сауықтыру маусымына алдын ала дайындалуына мүмкіндік беруі қажет.

Кеңес қорытындысы бойынша анықталған мәселелерді шешуге бағытталған нақты шараларды айқындау және алдағы жылға арналған міндеттерді қалыптастыру жоспарлануда.

Балалардың қауіпсіз демалысы сөзсіз басымдық болып қала беруі тиіс. Сонымен қатар реттеу жүйесі адал жұмыс істейтін ББСО-лардың тұрақты қызмет етуіне, инфрақұрылымды дамытуына және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруына мүмкіндік беруі қажет.