Бренд — бизнес активі: Алматыда кәсіпкерлерге зияткерлік меншікті қалай қорғау керектігі түсіндірілді
Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында KAZPATENT пен Әділет департаментінің сарапшылары тауар белгілерін, өңірлік брендтер мен өнеркәсіптік дизайнды қорғаудың практикалық тетіктерін түсіндірді
Алматы қаласының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында зияткерлік меншік объектілерін тіркеу және қорғау мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті. Сарапшылар кәсіпкерлермен бірге қазіргі бизнес үшін маңызы артып келе жатқан өзекті мәселені талқылады: қалыптасқан брендті қалай қорғауға, оған айрықша құқықты сақтауға және өнімді жаңа нарықтарға шығаруға қалай дайындауға болады.
Семинар жұмысына Алматы қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлімінің бас маманы Алмас Бекботаев, KAZPATENT Тауар белгілері, географиялық көрсеткіштер, тауар шығарылған жерлердің атаулары және өнеркәсіптік үлгілер департаментінің басшысы Гульнара Белгожина, сондай-ақ аталған департаменттің аға сарапшысы Айша Байтанова қатысты. Сарапшылар кәсіпкерлермен зияткерлік меншік объектілерін тіркеу мен қорғауға қатысты практикалық мәселелерді жан-жақты қарастырды.
Семинар бағдарламасы бірнеше маңызды бағытты қамтыды. Атап айтқанда, тауар белгісінің бизнестегі рөлі, оны тіркеуге өтінім беру тәртібі, брендті шетелде қорғау, географиялық көрсеткіштер мен өнеркәсіптік үлгілерді құқықтық қорғау мәселелері талқыланды.
Кездесудегі басты тақырыптардың бірі — тауар белгісі бүгінде компанияның атауы немесе логотипі ғана емес, бизнестің толыққанды активі екені. Оны тіркеу иесіне белгіге айрықша құқық береді және үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануы мен көшіруінен қорғаудың құқықтық тетіктерін қалыптастырады.
Қатысушыларға қазақстандық брендтерді шетелде қорғау мүмкіндіктері де таныстырылды. Экспортқа бағытталған компаниялар үшін осындай құралдардың бірі — тауар белгілерін халықаралық тіркеудің Мадрид жүйесі. Ол бірыңғай орталықтандырылған рәсім арқылы брендті 133 елде қорғауға өтінім беруге мүмкіндік береді. Жүйенің артықшылықтары қатарында экономикалық тиімділік, өтінім беру мен тіркеуді басқарудың бірыңғай тәртібі және қарау мерзімдерінің айқындығы бар.
Тағы бір маңызды бағыт — географиялық көрсеткіштер. Тауар белгісі белгілі бір компанияны айқындайтын болса, географиялық көрсеткіш өнімді нақты аумақпен, оның сапасымен, қасиеттерімен немесе қалыптасқан беделімен байланыстырады. Мұндай тетік өңірлік өнімдерді ілгерілетудің, олардың түпнұсқалығын қорғаудың және дәстүрлі өндірістерді сақтаудың тиімді құралы бола алады. Сонымен қатар танымал аумақтық брендтерді дамыту туризмнен бастап қоғамдық тамақтану саласына дейінгі сабақтас бағыттардың дамуына қосымша серпін бере алады.
Кәсіпкерлер үшін өнеркәсіптік үлгіні — өнімнің сыртқы келбетін қорғау да маңызды. Дизайн көп жағдайда тұтынушының таңдауына тікелей әсер етіп, компанияға нарықта өз орнын қалыптастыруға көмектеседі. Өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау оның иесіне айрықша құқық береді, заңсыз көшіруге қарсы тұруға мүмкіндік жасайды, өнімнің коммерциялық құнын арттырып, брендті нығайтады.
Семинар тек теориялық ақпаратпен шектелген жоқ. Қатысушыларға өтінімдерге қойылатын талаптар мен рәсімдерден өту тәртібі түсіндіріліп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берілді. Практикалық бөлімде KAZPATENT жеке кабинетінде жұмыс істеу тәртібі көрсетіліп, тауар белгілерін, географиялық көрсеткіштер мен өнеркәсіптік үлгілерді тіркеу мүмкіндіктері таныстырылды.
Бизнес үшін мұндай диалогтың практикалық маңызы зор. Бәсекелестік күшейіп, компанияның нарықтағы ауқымы кеңейген сайын оның атауы, беделі, дизайны мен өнімінің танымалдығы да құнды активке айналады. Осындай жағдайда зияткерлік меншікті қорғау жай ғана заңдық рәсім емес, өнімді нарыққа алғаш шығарудан бастап бизнесті ауқымдау мен экспортқа дейінгі даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналады.