Шикізат өндіруден технологиялық дербестікке: «Атамекен» мұнай сервисіне жаңа бағдар ұсынды
KazDrilling-2026 конференциясында Қанат Шарлапаев отандық компаниялар үшін болжамды нарық құруға және жергілікті қамтудан дербес инженерлік құзыреттерді дамытуға өтуге шақырды.
Атырауда мемлекетті, жер қойнауын пайдаланушыларды, ұлттық және халықаралық мұнай-газ компанияларын, инвесторлар мен қазақстандық мұнай сервисін біріктіретін ірі салалық алаңдардың бірі — «KazDrilling: Upstream of Kazakhstan» III жыл сайынғы конференциясы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Басты назарда – мұнай-газ саласының болашағы: геологиялық барлау және кен орындарын игеру, игерілуі қиын қорлар, мұнай бергіштікті арттыру, жаңа технологиялар, инвестициялар және мұнай сервисі нарығының болашағы.
Пленарлық сессияда «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйледі. Пікірталасқа Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz өкілдері, сондай-ақ Shell, Eni, «Теңізшевройл», NCOC және KPO сияқты ірі халықаралық операторлар қатысты.

Өз сөзінде Қанат Шарлапаев саланың басты міндетін атап өтті: Қазақстан қолданыстағы ірі жобаларға тиімді қызмет көрсетіп қана қоймай, ресурстық базаның күрделенуі мен технологиялық талаптардың өсуі жағдайында жұмыс істей алатын орнықты мұнай сервисі индустриясын қалыптастыруы қажет.

«Геологиялық барлау саласындағы мемлекеттік саясат – бұл бір мезгілде мұнай сервисі саласын дамыту саясаты. Әрбір жаңа барлау ұңғымасы – бұрғылау мердігері үшін ғана емес, сонымен бірге геология мен геофизика, бұрғылау ерітінділері сервисі, цементтеу, каротаж, ұңғымаларды сынау, зертханалық зерттеулер, логистика, машина жасау және басқа да ондаған бағыттар үшін жұмыс орны», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Сондай-ақ, ол игеріліп жатқан кен орындарына ерекше тоқталды. Ондай активтерде өндіру көлемін ұстап тұру үшін көлбеу және көп сұрапты бұрғылау, күрделі ұңғыма траекториялары, қарқындатудың заманауи әдістері, сандық модельдеу және мұнай бергіштікті арттырудың жаңа технологиялары талап етіледі. Қазақстандық мұнай сервисі үшін ұзақ мерзімді үлкен нарық дәл осы бағытта қалыптасуы мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе – саланың технологиялық дербестігі.

«Мұндағы міндетіміз – тек жекелеген тауарларды өндіруді немесе физикалық жұмыстарды орындауды локализациялау емес. Біз құзыреттерді жергіліктендіруіміз керек: инженерлік есептеулер, ұңғымаларды жобалау, күрделі бұрғылау операцияларын басқару, деректерді тәржімелеу және технологиялық шешімдерді әзірлеу. Басқаша айтқанда, біз жергілікті қамтудан өз технологиялық және инженерлік базамызды құруға біртіндеп өтуіміз қажет», – деді ҰКП Төралқа Төрағасы.
Нарық бағалауы бойынша, бұрғылау компанияларының шамамен 60%-ын қазақстандық бизнес, 23%-ын қытайлық және 17%-ын халықаралық компаниялар құрайды. Бұл ретте отандық кәсіпорындарды әрі қарай дамыту үшін болжамды жұмыс көлемі мен инвестицияларды бірнеше жыл бұрын жоспарлау мүмкіндігі қажет.
Қанат Шарлапаев атап өткендей, мұнай сервистік компания үш-бес жылдан кейін қандай жұмыс көлемі қолжетімді болатынын түсінбейінше, заманауи бұрғылау қондырғысына, жабдықтарға, мамандарды даярлауға және жаңа технологияларға инвестиция құя алмайды. Сондықтан, нарықтың болжамдылығы ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізумен қатар саланы дамытудың негізгі шартына айналуда.


Пленарлық сессияда мемлекет, ұлттық компаниялар мен ірі жер қойнауын пайдаланушылар өкілдерімен бірге ресурстық базаны кеңейту, геологиялық барлау, бұрғылаудың болашақ көлемі, жаңа жобалар, технологиялық жаңарту және қазақстандық бизнестің қатысуын арттыру мүмкіндіктері талқыланды.
Атырау облысы үшін бұл күн тәртібінің маңызы ерекше. Мұнда елдегі ең ірі мұнай-газ жобалары шоғырланған және өзіндік ауқымды мұнай сервисі секторы қалыптасқан. Жаңа жобалар, геологиялық барлау және қолданыстағы кен орындарын одан әрі дамыту отандық бизнес үшін қосымша нарық құрып, олардың ірі операторлардың өндірістік тізбегіне қатысуын кеңейтуге тиіс.
«Біз қазақстандық компаниялардың қауіпсіздік, сапа, технологиялар және өнімділік мәселелерінде халықаралық стандарттар бойынша бәсекеге қабілетті болуына ұмтылуымыз керек», – деп түйіндеді Қанат Шарлапаев.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұнай сервисі саласын дамытудың келесі кезеңін дәл осы бағыттан көреді: геологиялық барлау көлемін арттыру, ұзақ мерзімді әрі болжамды нарық, технологиялық модернизация және тек Қазақстан ішінде емес, бүкіл өңірдің мұнай сервисі нарығында бәсекелесе алатын мықты ұлттық компанияларды қалыптастыру.