Полимер өнеркәсібіндегі жаңа серпін: «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы «Силлено» зауыты құрылысының барысымен танысты
Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы «Силлено» зауытының құрылыс алаңына барды.
«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысына жобаның жүзеге асырылу барысын, құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі жағдайын және жобаға қазақстандық компаниялардың қатысу деңгейін таныстырды. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
«Силлено» ЖШС мен «Атамекен» ҰКП бірқатар маңызды бағыт бойынша өзара ынтымақтастықты дамытып келеді. Оның ішінде салалық заңнаманы жетілдіру, мұнай-газ химиясы саласындағы әкімшілік кедергілерді азайту және жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бар. Бұл ретте отандық өндірушілерді қолдауға, шағын және орта бизнестің жобаға барынша кеңінен қатысуына ерекше мән берілуде.

Бүгінде қазақстандық компаниялармен жалпы құны 1 млрд 205 млн АҚШ долларын құрайтын келісімшарттар жасалған. Отандық кәсіпорындар жобаның барлық кезеңіне – жобалау жұмыстарынан бастап жабдықтар мен материалдар өндіруге, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарына дейін белсенді қатысып отыр.

Елімізде полиэтилен өндірісін жолға қою шағын және орта бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, полимерді қайта өңдейтін жаңа өндірістердің пайда болуы, жеткізу тізбектерінің кеңеюі және отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұраныстың артуы кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге ықпал етеді.

Полиэтилен – әлемде кеңінен қолданылатын және сұранысы жоғары полимерлердің бірі. Ол құрылыс, медицина, автомобиль өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, халық тұтынатын тауарлар өндірісі және басқа да көптеген салаларда пайдаланылады.