Бизнеске арналған міндетті талаптар бойынша AI-навигатор іске қосылды

04.09.2026
Бизнеске арналған міндетті талаптар бойынша AI-навигатор іске қосылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып «Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі» пилоттық жобасын іске асыруда.

Жоба Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында жүзеге асырылады.

Жаңа цифрлық сервис кәсіпкерлердің заңнамада белгіленген міндетті талаптарға қол жеткізуін жеңілдетуге арналған. Жасанды интеллект алгоритмдері қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді талдап, оларда қамтылған бизнеске қойылатын талаптарды анықтайды, жүйелейді және оларға енгізілетін кейінгі өзгерістерді қадағалайды.

Қазіргі уақытта платформа пилоттық режимде жұмыс істейді. Осы кезеңде оның жұмысын практикада бағалау, оның ішінде ұсынылған талаптардың толықтығы мен өзектілігін, іздеу ыңғайлылығын және берілетін ақпараттың дұрыстығын тексеру маңызды.

Жаңа функционал бизнеске арналған цифрлық AI-платформада қолжетімді: https://business.rot.kz/.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді сервистің жұмысын бағалауға шақырады және оны жетілдіру бойынша ескертулер мен ұсыныстарды ay.smagulova@atameken.kz, bo.babasheva@atameken.kz электрондық мекенжайларына жолдауды сұрайды.

Келіп түскен кері байланыс «Атамекен» ҰКП тарапынан жинақталады және одан әрі пысықтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.