Қымыздан сүйек бұйымдарына дейін: Ақтөбеде үздік 10 жергілікті бренд анықталды
Ақтөбеде "Бір ауыл - бір өнім" жобасының өңірлік кезеңінің он финалисі анықталды. Шешімді кәсіпкерлердің жобаларын таныстыруы және ұсынылған өнімдерді бағалау қорытындысы бойынша Бренд-комитет қабылдады.
Іріктеу барлық 20 жартылай финалист өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынған көрме-жәрмеңке аясында өтті. Келушілер жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысып, тауарларды жәрмеңкенің өзінен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Сөрелерден қымыз, ет және сүт өнімдері, шоколадтағы жент, кондитерлік өнімдер, ұн, былғарыдан, киізден және қой жүнінен жасалған бұйымдар, тоқыма өнімдері, дәрілік шөптер, кәдесыйлар және басқа да тауарлар орын алды. Өнімдердің басым бөлігі жергілікті шикізаттан өндірілген.
Сонымен қатар кәсіпкерлер өз жобаларын Бренд-комитет мүшелеріне таныстырды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, сарапшылар, БАҚ, қаржы ұйымдары мен даму институттарының өкілдері, қоғам белсенділері және жеке ұйымдардың басшылары кірді.
Бағалау барысында өнімнің сапасы мен болашағы, жергілікті ресурстарды пайдалану деңгейі, өндіріс технологиялары, сондай-ақ бизнесті одан әрі дамыту әлеуеті ескерілді.

Іріктеу қорытындысы бойынша финалға өткендер:
Нургуль Бижанова, "Бижанова" ЖК - ет өнімдерін өндіру, Ақтөбе қаласы;
Медет Кошербаев, "Кошербаев" ЖК - табиғи қымыз өндіру, Ақтөбе қаласы;
Гульмира Матбаева, "Матбаева Гульмира Валерьевна" ЖК - Aqtobe Damderi брендімен шоколадтағы жент өндіру, Ақтөбе қаласы;
Жасулан Мурзагалиев, "GAZER" ЖШС - Bizdin.Tandau брендімен сүт өнімдерін өндіру, Ақтөбе қаласы;
Гульжанат Жумабекова, "Жумабекова" ЖК - ешкі сүтінен гипоаллергенді сүт өнімдерін өндіру, Әйтеке би ауданы;
Гульдана Сериккызы - сүйектен жасалған кәдесый бұйымдар, Байғанин ауданы;
Асель Мулдашева, "Мулдашева" ЖК - құлпынайдан табиғи өнімдер мен десерттер өндіру, Мәртөк ауданы;
Айдос Усенов, "Grand" ЖК - ұн өндіру, Мәртөк ауданы;
Гульсим Кенжебаева, "Кенжебаева Гульсим Нургалиевна" ЖК - табиғи емдік қара сабын өндіру, Мұғалжар ауданы;
Жадыра Нурмагамбетова, "Нурмагамбетова" ЖК - табиғи емдік қымыз өндіру, Хромтау ауданы.
"Кәсіпкерлер өз ісін жақсы біледі және сапалы өнім шығарады. Оларға тек сауда орындары, қажетті құрал-жабдықтар және өнімдерін ілгерілету бағытында қолдау қажет. Мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті дамытуды жалғастырамыз", - деді Палатаның Өңірлік кеңесінің төрағасы. Бренд-комитеттің төрағасы Асхат Айтжанов.

Биыл жобаға қала мен облыс аудандарының кәсіпкерлерінен 50 өтінім түсті. 15 шілдеде өткен "Қазақстанның үздік тауары" көрмесі аясындағы алғашқы іріктеуден кейін 20 өндіруші жартылай финалға жолдама алды.
Енді он финалист республикалық көрмеде Ақтөбе облысының атынан қатысып, мемлекеттік гранттарға үміткер болу мүмкіндігіне ие болады.
"Бір ауыл - бір өнім" жобасын "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады. Жоба жергілікті өндірісті дамытуға, өңірлік брендтерді ілгерілетуге және отандық өнімді жаңа нарықтарға шығаруға бағытталған. Жобаны іске асырудың үш жылында Ақтөбе облысында 132 өтінім түсіп, көрмелерге 97 кәсіпкер қатысты, 9 финалист анықталды. Өткен жылдардағы үш финалист әрқайсысы 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарға ие болып, жалпы сомасы 15 млн теңгені құрады.
"Біз үшін "Бір ауыл - бір өнім" - жай ғана бір реттік байқау емес, нақты әлеуметтік әрі экономикалық мүмкіндік. Басты мақсат - аудандардағы бірегей әрі сапалы өнімдерді анықтап, ауыл кәсіпкерлеріне шағын жергілікті өндірістен танымал брендке дейінгі жолдан өтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жаңа нарықтарға шығуға көмектесу", - деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.



