Бизнесті қорғау мен қолдау: «Атамекен» өңірлермен жұмыс тәсілін жаңғыртып келеді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Атырау облысына іс-сапарының екінші күні өңірдегі ірі өнеркәсіп нысандарын аралауға, мұнай-газ саласының өзекті мәселелерін талқылауға және кәсіпкерлермен тікелей пікір алмасуға арналды.
Сапардың негізгі шараларының бірі – мемлекеттік органдардың, ұлттық және халықаралық мұнай-газ компанияларының, инвесторлар мен қазақстандық мұнай сервисі өкілдерінің басын қосқан «KazDrilling: Upstream of Kazakhstan» III жыл сайынғы конференциясы болды.

Сондай-ақ, Қанат Шарлапаев «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына (АЭА «ҰИМТ») барды. 4,5 мың гектардан астам аумақты алып жатқан аймақта бүгінде 19 компания жұмыс істейді. Солардың бірі әрі бірегейі – «Kazakhstan Petrochemical Industries» ЖШС полипропилен өндіру зауыты.
Lummus Technology Inc. (АҚШ) компаниясының Catofin және Novolen озық технологияларымен жабдықталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен өндіріп қана қоймай, шағын және орта бизнестің тұтас экожүйесін дамытуға негіз қалап отыр. Компания білікті мамандарды даярлауға белсенді қатысуда. Кәсіпорында 600-ге жуық адам еңбек етеді, олардың 80%-дан астамы – Атырау облысының жергілікті тұрғындары, осының өзінен жобаның әлеуметтік маңыздылығы айқын көрінеді.
Қазір полипропилен гомополимерінің 17 маркасы игерілген, өнім желісі кезең-кезеңімен кеңейтілуде, соның ішінде фталатсыз катализаторлар негізінде шығарылатын маркалар да бар. Жобалық әлеует 64 маркаға дейін гомополимер өндіруді көздейді. Бұл маркалар құрылыста, медицинада, тамақ өнеркәсібінде, тоқыма өнеркәсібінде қолданылады.

Қосылған құн жасаудың жарқын үлгісі ретінде отандық «Бал Текстиль» фабрикасын атап өтуге болады. Еліміздегі кілем тоқитын алғашқы өндіріс орны бүгінде дәл осы KPI шығаратын атыраулық полипропиленді пайдаланады. Бұл – Теңіздегі газды өңдеуден бастап, әрбір қазақстандықтың үйіндегі дайын кілемге дейінгі аралықты қамтитын нағыз «қарапайым заттар экономикасының» көрінісі.
Палата басшысы АЭА аймағында жұмыс істеп тұрған басқа да кәсіпорындардың қызметімен танысып, құрылысы жүріп жатқан және жобалау кезеңіндегі өндірістердің жай-күйін көрді. Олардың қатарында полипропилен мен полиэтилен өндіру, синтетикалық каучук және геосинтетикалық материалдар шығару жобалары да бар.


Бұдан кейін ҰКП Төралқа Төрағасы «Тексол Транс» ЖШС-ның құрамындағы Атырау вагон жасау зауытына барды. Кәсіпорынның айналасында бүгінде 600-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған тұтас теміржол кластері қалыптасқан.

Жұмыс сапары барысында өткен кездесулердің барлығын біріктірген ортақ мәселе – ірі жобаларға отандық компаниялардың қатысуын арттыру. Бұл ретте нарықтағы тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ету, қолданыстағы өндіріс орындарының қуатын толық пайдалану және қазақстандық инвесторларға жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде жүйелі қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берілді.
Салалық кездесулерден кейін Қанат Шарлапаев Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелерімен жүздесті. Кездесуді Өңірлік кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Асқар Саппаев жүргізді.
Бұл кездесу «Атамекен» ҰКП басшысының ақпан айындағы Атырауға сапары кезінде басталған жұмыстың жалғасы болды. Сол кезде кәсіпкерлер Палата алдына он мәселе қойған еді. Бүгінде олардың алтауы шешіліп, қалған төртеуі бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Бұл жай ғана статистика емес, бұл – нақты нәтиже. Мәселен, Атырауда жер учаскелерін заңсыз алып қоюға қатысты екі мәселе Палатаның араласуынан кейін оң шешімін тапты. Қала әкімдігі тиісті қаулылардың күшін жойды. Тағы бір жағдайда кәсіпорынға қажетті СЭҚ ТН коды Қазақстан тауар өндірушілерінің тізіліміне енгізілді. Соның нәтижесінде компания отандық тауар өндіруші ретінде тіркелуге өтінім бере алды.
Қанат Шарлапаев кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау Ұлттық палатаның негізгі міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Алайда Палатаның бизнеске деген көзқарасы біртіндеп кеңейіп келеді. Ендігі міндет – туындаған мәселелерді шешіп қана қоймай, олардың алдын алып, инвестициялық жобалардың жолындағы кедергілерді ертерек анықтап, жою.
Осы мақсатта Атырау облысында инвесторларды сүйемелдеу жұмысы күшейтілуде. Бүгінде Палата жалпы құны 10,5 млрд теңгеден асатын сегіз инвестициялық жобаны қарады. Жобалар өнеркәсіп, мұнай-газ машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс және тоқыма материалдарын, медициналық өнімдер өндіру сияқты бағыттарды қамтиды. Олардың басым бөлігі импортты алмастыруға, өндірісті жергіліктендіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жаңа тәсілдің мәні – инвесторды жобаның алғашқы идеясынан бастап өндіріс іске қосылғанға дейін қолдау. Яғни жобаға нақты не кедергі екенін анықтап, сол мәселені кім шешуі керектігін және оған қандай мерзім берілетінін белгілеу.
Атырау үшін тағы бір маңызды міндет – елішілік құндылықты арттыру. Өңірдегі ірі мұнай-газ және мұнай-химия кәсіпорындарының айналасында қазақстандық өндірушілер мен жеткізушілердің тұрақты кооперациясы қалыптасуы қажет. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін Қанат Шарлапаев облыс әкімі Болат Ақшолақовпен кездесу барысында реттелетін сатып алулардағы ішкі құндылық үлесін арттыру жөніндегі бірлескен комиссия құруды ұсынды.

Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған нақты мәселелерді де ортаға салды. Кездесуде бұдан бөлек жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына арналған салықтық ынталандыру шаралары, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша микрокредит беру лимиттерін ұлғайту және су туризмін қолдау мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлер Каспий теңізі, Жайық өзені мен Құрманғазы ауданындағы туристік бағыттарда пайдаланылатын мамандандырылған жүзу құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Атамекен» ҰКП жүйелі мәселелерді шешумен қатар, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің берілуіне жол ашатын құралдарды да дамытып келеді. Мәселен, Атырау облысында «Іскер аймақ» жобасы аясында бұған дейін бекітілген 18 ЭҚЖЖ-ға қосымша аудандар үшін тағы 45 басым қызмет түрі айқындалды. Қазірдің өзінде алты жобаға жалпы сомасы 600 млн теңге болатын субсидия берілді.
Кәсіпкерлерге арналған тағы бір жаңа құрал – BusinessGO. Бұл – шағын бизнеске қажетті тауар есебі, фискалдық деректер операторы (ФДО), онлайн-касса және маркетингтік сервистерді бір жерге біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе.
«Палатаның бизнесті қорғаумен ғана шектелмейді. Біз кәсіпкерлерге инвестиция тарту, жаңа өткізу нарықтарына шығу, кооперацияны дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және бизнесті кеңейту секілді бірқатар жаңа мүмкіндіктер ашуымыз керек», – деді Қанат Шарлапаев.
Жұмыс сапарының екінші күніндегі кездесулер мен іс-шаралардың барлығы осы мақсатқа тоғысады. Мұнай-газ саласының ірі компанияларымен отандық мұнай сервисіне болашақ тапсырыстарды талқылаудан бастап, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге және кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешуге дейінгі жұмыстардың өзегінде бір міндет тұр. Ол – қазақстандық бизнес үшін өңірдің экономикалық әлеуетін нақты мүмкіндікке айналдыру.
Атыраудың өндірістік және экономикалық әлеуеті жаңа кәсіпорындарға, жаңа жұмыс орындарына және отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге ұласуға тиіс.