Павлодарлық «Атамекен» палатасы мен мамандандырылған әкімшілік сот бизнесті қорғау мәселесінде өзара іс-қимыл туралы уағдаласты

07.09.2026
Павлодарлық «Атамекен» палатасы мен мамандандырылған әкімшілік сот бизнесті қорғау мәселесінде өзара іс-қимыл туралы уағдаласты

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен өңірдің мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа МАӘС ғимаратында «Атамекен» ӨКП директоры Айдос Шайхислам мен сот төрағасы Марат Мусабаев қол қойды. Меморандумның мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтары, бостандықтары мен мүдделерінің толық жүзеге асырылуын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты дамыту және халықтың құқықтық мәдениетін нығайту.

Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру аясында тараптар әкімшілік істерді қарау кезінде бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ұйымдастырушылық-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге, кәсіпкерлік субъектілерінен әкімшілік органдардың атына келіп түскен шағымдар мен өтініштердің сипатына жүргізілген талдау нәтижелерін қарауға, жүйелі проблемалар мен әкімшілік кедергілерді анықтауға, сондай-ақ оларды шешу бойынша кешенді ұсыныстар енгізуге уағдаласты.

Сонымен қатар әкімшілік сот төрелігі саласындағы заңдылықтың бұзылуын анықтау және жою, бизнестің бұзылған құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ Павлодар облысының «Атамекен» палатасы мен әкімшілік сот арасында ақпаратпен тұрақты алмасу бойынша бірлескен шаралар қабылдау көзделген.

Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелерінде, сондай-ақ жария-құқықтық қатынастарға қатысушылар арасындағы дауларды қараудың баламалы, сотқа дейінгі нысандарын ұйымдастыру және олардың жұмысын қамтамасыз ету бойынша әдістемелік әрі құқықтық көмек көрсету бағытында өзара іс-қимыл жасау жоспарланған.

«Меморандум аясында сот төрағасының Павлодар облысының «Атамекен» палатасының алаңында кәсіпкерлік субъектілерін қабылдауы ай сайын ұйымдастырылады. Қабылдау барысында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелері қаралады. Сонымен қатар құқық қолдану практикасын зерделеу және түсіндіру мақсатында тұрақты бірлескен кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізу, заңнамада қолжетімділігі шектелмеген ақпаратпен алмасу және ынтымақтастығымыздың өзге де нысандары қарастырылған», – дейді Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.

МАӘС төрағасы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында даулы жағдайлар туындаған кезде бизнес субъектілеріне консультациялық-құқықтық көмек көрсету мақсатында сот ғимаратындағы «АТАМЕКЕН» кабинетінің жұмысын жалғастыруды қолдады.