Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру кәсіпкерлердің міндеттемелерімен байланысты – Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» ҰКП әлеуметтік мәселелер жөніндегі салалық кеңесінің отырысы өтті. Палата директоры Айдос Шайхислам жүргізген кездесуге бизнес өкілдері онлайн форматта қатысты.

Отырыста кәсіпкерлерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі аспектілері түсіндірілді.
«Бұл тақырып әртүрлі салалардағы кәсіпкерлер үшін аса өзекті, өйткені МӘМС олардың жұмыс берушілер ретіндегі міндеттерімен және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерімен тікелей байланысты. Атап айтқанда, қызметкерлер үшін МӘМС бойынша жарналар мен аударымдарды қалай дұрыс есептеу және төлеу керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қандай өзгерістер болды және кәсіпкерлер қандай жаңалықтарды ескеруі қажет», – деп атап өтті Айдос Шайхислам.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының Павлодар облысы бойынша директорының міндетін атқарушы Асель Окапова бизнес өкілдерін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілген өзгерістермен таныстырды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның ішінде негізгі өзгерістердің бірі осы жүйеге бұған дейін тұрақты түрде жарна төлеп келген азаматтарға қатысты. Егер азаматтар МӘМС жүйесіне бес жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеген болса, олар алты ай бойы медициналық қызметтерді алуға құқылы.
«Біздің жүйеде жарна төлеушілер – мемлекет, жұмыс берушілер, жалдамалы қызметкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін дербес төлеушілер, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер. Төлемдер он екі ай бойы үздіксіз түсуі тиіс. Бұл кезеңде 2025 жылғы тамыздан 2026 жылғы шілдеге дейінгі төлемдер өтелуі қажет. 2026 жылғы тамыз айы үшін төлемдерді жеке кәсіпкерлер ағымдағы жылдың 25 қыркүйегіне дейін аударуға құқылы», – деп түсіндірді Асель Окапова.

Спикердің түсіндіруінше, МӘМС бойынша төлем мөлшері мынадай: жұмыс берушілер бұрынғыдай қызметкердің жалақысының 3 пайызын төлейді (бұл ретте ешқандай өзгеріс болған жоқ); қызметкер – 2 пайыз; жеке кәсіпкерлер – 5 950 теңге; дербес төлеушілер – 4 250 теңге; ал арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер өз табысының 1 пайызын төлейді.
Бейеконференцбайланыс арқылы өткен кездесуде кәсіпкерлер, сондай-ақ Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының аудандық және қалалық филиалдарының директорлары бизнес субъектілерінде туындайтын жекелеген жағдайларға қатысты өз сұрақтарын қойды.
Азаматтардың «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-дан қандай әлеуметтік төлемдер алатыны туралы осы қордың Павлодар облысы бойынша филиалының өкілі Нұрғани Мусина айтып берді.
