Ақтөбеде «Купеческое» шаруа қожалығы жаңа жобаларды қолға алып, дамуға қолдау күтуде

07.09.2026
Ақтөбеде «Купеческое» шаруа қожалығы жаңа жобаларды қолға алып, дамуға қолдау күтуде

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Ақтөбе қаласының Сазды елді мекенінде орналасқан «Купеческое» шаруа қожалығына барып, шаруашылықтың көпсалалы қызметімен, алдағы жоспарларымен және жергілікті агроиндустрияның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелермен танысты. 

Наргиз Купесова басқаратын»"Купеческое» шаруа қожалығы өз жұмысын 2020-2021 жылдары бастаған. Палата өкілдерін Наргиздің әкесі Жасболат Пангереевич қарсы алып, шаруашылықтың даму барысы туралы айтып берді. 

Кәсіпкерлер бизнесті жылыжай шаруашылығынан бастаған. Жылыжай кешенін салуға өз қаражаттарынан шамамен 15-18 млн теңге инвестиция салынған. Бүгінде мұнда қияр өсіріліп, өнім Алтай, Табыс базарларына және қаланың сауда орындарына жеткізіледі. 

Изображение

Уақыт өте келе шаруашылық көпсалалы кәсіпорынға айналды. Көкөніс өсірумен қатар, шаруа қожалығында құс шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта база жаңартылып, оған шамамен 7-8 млн теңге инвестиция салынған. Инкубаторлар іске қосылып, бройлер, қаз және үйрек өсіру жолға қойылған. 

Изображение

Сонымен қатар кәсіпкерлер гүл өсірумен де айналысады. Бір маусымда мұнда 30-40 мыңға дейін петуния өсіріледі. Сондай-ақ таңқурай, қарақат және алма ағаштарын өсіруге арналған жеміс-жидек көшеттері питомнигін құру жұмыстары жүргізілуде. 

Изображение

Шаруашылық өкілдері жаңа жобаларды іске асыру және бизнесті әртараптандыру жоспарларымен бөлісті. Негізгі бағыттардың қатарында агротуризм мен балық шаруашылығын дамыту бар. 

"Қазіргі таңда құс шаруашылығы мен жылыжай кешеніне басымдық беріп отырмыз. Сонымен бірге демалыс аймағын дамытқымыз келеді. Балық өсіру бағытын зерттеп, балық аулауға жағдай жасап, жағажай мен беседкалар салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ алма, қарақат, таңқурай егіп, бақ өсіргіміз келеді. Питомникті де біртіндеп дамытып жатырмыз. Алайда бірқатар күрделі мәселелерге тап болып отырмыз", - деді шаруашылық басшылығы. 

Изображение

Кәсіпкерлер негізгі жүйелі мәселелердің қатарында қаржылық қолдау және қыс мезгілінде жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мәселелерін атап өтті. 

"Субсидиялау, жеңілдетілген несие алу және жолдарды қардан тазарту мәселелерінде қолдау көрсетілсе, біз үшін үлкен көмек болар еді. Мысалы, "Ауыл аманаты" бағдарламасы аудандарға арналған, ал біз аумақтық тұрғыдан қалаға қараймыз. Осыған байланысты қаржылық қиындықтарға тап болып отырмыз. Екінші өзекті мәселе - қыс мезгілі. Қазір үшінші жыл қатарынан бізге баратын жолдарды қар басып, тіпті көлікпен емес, жаяу жүрудің өзі мүмкін болмай қалады", - деп атап өтті шаруа қожалығының өкілдері. 

Кездесу қорытындысы бойынша Дидар Боранқұлов осындай көпсалалы шаруашылықтарды қолдау Кәсіпкерлер палатасы жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. 

Кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелер жергілікті атқарушы органдармен және даму институттарымен бірлесіп шешу үшін пысықтауға алынды.

ИзображениеИзображение