«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында бизнесті субсидиялау қағидалары жаңартылды
Өзгертулер әлеуметтік кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау көлемін ұлғайтуды, инвестициялық жобаларға қойылатын талаптарды қайта қарауды және субсидия алуға өтінім беру тәртібін жеңілдетуді көздейді. Бұл ретте экономикалық қызмет түрлерін (ЭҚЖЖ) өңірлік деңгейде айқындау талабы сақталады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылдың 18 тамызындағы №729 қаулысымен «Іскер аймақ» бағдарламасы шеңберінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне субсидия беру қағидаларына енгізілген жаңартулар бекітілді. Өзгерістер субсидиялаудың қолжетімділігін арттыруға, инвестициялық белсенділікті қолдауға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған.
Жаңартылған қағидаларда әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау шаралары күшейтіліп, қаржыландыруға өтініш беру тәртібі оңтайландырылды. Сондай-ақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қатысуымен бизнестің құқығын қорғау тетіктері енгізілді.
Әлеуметтік кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау көлемі ұлғаяды
Негізгі өзгерістердің бірі – әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндіктерінің кеңеюі. Олар үшін салалық шектеулер алынып тасталды, ал субсидия мөлшері сыйақының номиналды мөлшерлемесінің 50 пайызы көлемінде белгіленді. Бағдарламаның басқа қатысушылары үшін субсидия мөлшері сыйақының номиналды мөлшерлемесінің 40 пайызын құрайды.
Осылайша, әлеуметтік кәсіпкерлерге субсидиялау деңгейі жоғарылады және олар салалық шектеулерді ескерместен бағдарламаға қатыса алады. Бағдарлама аясында берілетін несиенің ең жоғары көлемі – 200 млн теңге. Қаражатты инвестициялық жобаларды іске асыруға да, айналым қаражатын толықтыруға да бағыттауға болады. Субсидиялау тетігі 3 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады.
ЭҚЖЖ айқындау талабы сақталады
Бағдарламаға сәйкес келетін экономикалық қызмет түрлерінің (ЭҚЖЖ) тізбесін жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекіткен Экономикалық қызмет түрлерін айқындау әдістемесіне сәйкес белгілейді.
Инвестициялық жобаларға қойылатын талаптар өзгертілді
Жаңартылған қағидалар инвестициялық жобалар аясында активтерді сатып алуға қойылатын жаңа талаптарды көздейді. Жабдықтар, техника, көлік құралдары, құрылыс материалдары және өзге де активтер тиісті тізілімге енгізілген қазақстандық өндірушілерден сатып алынуға тиіс. Егер қажетті тауар тиісті тізілімде болмаса, оны басқа өндірушілерден сатып алуға жол беріледі. Бұл норма отандық өндіріс өнімдеріне сұранысты ынталандыруға және ішкі кооперацияны дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, жаңа қағидаларға сәйкес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімі субсидиялау басталған күннен бастап 24 айдан 18 айға дейін қысқартылды. Бұл ретте заңнамадағы елеулі өзгерістер болған немесе күтпеген техникалық, экономикалық және өндірістік жағдайлар туындаған жағдайда аталған мерзімді алты айдан аспайтын уақытқа ұзартуға мүмкіндік қарастырылған.
Осылайша, аталған негіздер болған жағдайда инвестициялық жобаны іске асыру мерзімі 24 айға дейін ұзартылуы мүмкін.
Кәсіпкер банкті өзі таңдай алады
Субсидия алуға өтініш беру тәртібі де өзгерді. Бұған дейін екінші деңгейдегі банктер мен лизингтік компаниялар арасында лимиттерді бөлу көзделген болатын. Енді бұл тетік алынып тасталды. Кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының серіктестері саналатын кез келген екінші деңгейдегі банкке немесе лизингтік компанияға өз бетінше жүгіне алады. Қаржыландыру мақұлданғаннан кейін жоба бойынша құжаттар «Даму» қорына жолданады. Қор бес жұмыс күні ішінде субсидия беру туралы шешім қабылдайды. Бұл кәсіпкерге қаржы ұйымын өз бетінше таңдауға мүмкіндік беріп, мемлекеттік қолдау алу рәсімін икемдірек етеді.
Субсидия беруден бас тарту туралы шешімге шағым жасауға болады
Жаңартылған қағидаларда «Даму» қорының субсидия беруден бас тарту туралы шешіміне шағым жасау мүмкіндігі де қарастырылған. Кәсіпкер мұндай шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе сот тәртібімен шағымдануға құқылы. Даулы жағдайлар туындаған жағдайда кәсіпкерлер «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палаталарынан білікті сараптамалық және құқықтық қолдау ала алады.