«Атамекен» ҰКП-да сұр импортқа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында сұр импортқа қарсы іс-қимыл және отандық бизнес үшін бәсекелестіктің тең жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.
Кездесу барысында бизнес-қоғамдастық өкілдері тауарларды ашық емес схемалар арқылы әкелу және өткізуге байланысты бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді. Әсіресе тұрмыстық техника мен электроника саласына ерекше назар аударылды. Салалық қауымдастықтың мәліметінше, бұл бағытта тауарлардың тиісті кедендік рәсімдеусіз, шығу тегін растайтын құжаттарсыз және техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарсыз елге кіру қаупі бар.
Сондай-ақ қатысушылар тауарларды маркетплейстер мен басқа да электрондық сауда алаңдары арқылы өткізу кезінде олардың қадағалануын қамтамасыз ету, салықтар мен кедендік төлемдердің, сондай-ақ кәдеге жарату алымының толық төленуі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар отандық өндірушілер, ресми импорттаушылар және тауарларды сұр схемалар арқылы жеткізетін нарық қатысушылары арасында адал бәсекелестік жағдайын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

«Палата бұл мәселемен жүйелі түрде айналысуға дайын. Біз бизнес өкілдері көтерген нақты проблемалар мен ұсыныстар пулын қалыптастырып, әр саланың жағдайын жеке-жеке зерделеуге әзірміз. Атап айтқанда, азық-түлік өнеркәсібі, астық дақылдары, тұрмыстық техника мен электроника және басқа да бағыттар бойынша нақты мәселелерді қарастыру қажет. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша проблемаларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстар мен шараларды қамтитын шоғырландырылған құжаттар топтамасын әзірлеп, оны уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына ұсыну қажет», – деді ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
«Атамекен» ҰКП-да сұр импорт мәселесі әр саланың ерекшелігін ескере отырып, кешенді тәсілді талап ететінін атап өтілді. Осыған байланысты Палата бизнес-қоғамдастықпен және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, нарықты тиімді реттеу тетіктерін әзірлеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Алдағы уақытта негізгі бағыттар бойынша проблемалық мәселелерді жеке қарастырып, заңнамалық, әкімшілік немесе ведомствоаралық шешімді талап ететін мәселелердің тізбесін қалыптастыру жоспарланып отыр.
«Атамекен» ҰКП бизнес өкілдерін осы жұмысқа белсенді қатысуға, сұр импорт пен адал емес бәсекелестікке қатысты нақты фактілерді, ұсыныстар мен практикалық шешімдерді жолдауға шақырады. Кәсіпкерлердің шоғырландырылған ұстанымы ұсыныстарды нақты әрі мазмұнды түрде қалыптастырып, оларды одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Палата бизнес-қоғамдастықпен ашық диалог орнатуға және нарықтың барлық қатысушылары үшін ашық әрі тең жағдайларды қамтамасыз ететін шешімдерді бірлесіп әзірлеуге мүдделі.