Инфрақұрылымның жоқтығы мен бюрократиялық кедергілер: «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының инвесторлары өзекті мәселелерді ортаға салды
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) кәсіпкерлері логистика мен өндірістің дамуына тұсау болып отырған инфрақұрылымдық шектеулерге тап болды. 21 кәсіпорын тіркелген аумақтың басты түйткілі – жеке теміржол тұйығы мен кірме жолдардың атымен жоқтығы. Бұл мәселе Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында «Атамекен» ҚР ҰКП өкілі Назгүл Ұзалинамен кездесу барысында кезекті рет көтерілді.
Резиденттердің айтуынша, логистикалық инфрақұрылымның жоқтығынан жұмыс істеп тұрған 9 өндіріс орны өз өнімдерін автокөлікпен өзге жекеменшік тұйықтарға тасымалдап, содан кейін қайта тиеуге мәжбүр. Бұл тасымалдың өзіндік құнын еселеп арттырады. Осыған байланысты «Nord Panels» ЖШС ағашты терең өңдеу зауытының басшысы «Qyzyljar» АЭА №3 субаймағына теміржол желісін жүргізу қажеттігін алға тартты. Еуропаға бір вагон жүк жөнелтудің қаржылық жүктемесі 3 миллион теңгеге дейін жетеді, бұл жүк құнының 10%-дан астамын құрайды.
«Біздің кәсіпорын ағаш-жоңқалы плита (ДСП) мен отын пеллеттерін шығарады. Қазіргі уақытта іс жүзінде өзге біреудің жеке тұйығын және бөгде көлік компаниясының қызметін пайдаланып отырмыз. Өнімімізді басқа тұйыққа тасып, сонда қайта тиейміз де, сол компания арқылы жөнелтеміз. Әрине, ол жердегі тарифтер де, баға да өте жоғары. Ай сайын 20 вагон жөнелтетін болсақ, көлік компаниясының қызметіне 60 миллион теңгеге жуық қаражат кетеді. Тек логистиканың өзіне Еуропаға бағытталған бір вагонның шығыны 3 миллион теңге төңірегінде айналады. Егер бұл вагонда 25 миллион теңгенің өнімі болса, оның 10%-дан астамы тек тиеу, тұйыққа дейін жеткізу және қайта тиеу сияқты қосымша шығындарға кетеді. Әрине, АЭА-ның өз теміржол тұйығы болса игі еді, бірақ бәрі «РЖД» ААҚ-на тіреліп тұр», – деді «Nord Panels» ЖШС басшысы Рустам Ғаббасов.
Мәселенің мәнісі – Петропавл төңірегіндегі магистральды теміржолдар Оңтүстік Орал теміржолының («РЖД» ААҚ филиалы) қарамағында. Кез келген теміржолды тоғыстыру мен техникалық шарттарды келісу мемлекетаралық процедуралардан өтуді және 2,3 шақырым жол салу үшін жекеменшік жер телімдерін сатып алуды талап етеді. АЭА-ға қатысушы 21 кәсіпорынның әрқайсысы «РЖД»-ға жеке-жеке жүгінбеуі үшін кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП-дан бұл мәселені ҚР Премьер-министрі мен Үкіметтің жобалық офисі деңгейіне көтеруді сұрайды.
Инфрақұрылымдық түйткілдердің үстіне автокөлікке арналған кірме жолдардың жоқтығы да созбақталып тұр, соның кесірінен зауыттарға тіпті ауыр жүк көліктері де жете алмайды. Бұған қоса, жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімсіздігі жығылғанға жұдырық болып отыр. Өндірісті кеңейтуге заемдық қаражат алу кезіндегі бюрократиялық бөгеттерге өз зауытына 2 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «Reimann» ЖШС де тап болды.
«Біз АЭА аумағында алғашқылардың бірі болып жұмыс бастадық: 2022 жылы зауыт құрылысы басталып, 2024 жылы толық циклді өндірісті іске қостық. Қазір желілерді кеңейтіп жатырмыз, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қосымша станоктар сатып алғымыз келген, бірақ олар талаптарды өзгертіп жіберді. Енді қор машина жасау ЭҚЖҮ (ОКЭД) бойынша тек 1 миллиардтан 15 миллиард теңгеге дейінгі ірі жобаларды ғана кредиттейді. Біздің өтінім сомасы – 500 миллион теңге, сондықтан бізді екінші деңгейлі банктерге бағыттады, ал ол жерде нағыз бюрократия басталды. Бірнеше банктен бас тартылған жауап алдық, себебі олардың сарапшылары соңғы үш жылдың қаржылық есептілігін талап етеді. Ал 2022-2023 жылдары зауыт енді ғана салынып жатқан еді ғой! Банктер құрылыс кезеңі мен нақты өндіріс кезеңін ажыратпай, кәсіпорынды «шығынды» деп есептейді. Бұдан бөлек, кепіл мәселесінде де қиындықтар бар: зауыт астындағы жерді АЭА-дан 2044 жылға дейін жалға алғанбыз, ал банктер ғимаратты кепілге алудан тайсақтайды. Соның салдарынан металл парақтарды тазалайтын қажетті бытырамен тазалау камерасын өз қаражатымызға сатып алудан басқа амал қалмай отыр. Бірақ біз қазірдің өзінде 2 миллиард теңгеден астам инвестиция құйдық, сондықтан қаржы сарапшылары құрылыс пен өндіріс кезеңін нақты ажыратып, тым құрығанда кейіннен кепілзат болатын жабдықтар бөлшегін қаржыландырса екен дейміз. Ал теміржол тұйығының қажеттілігіне келсек, бізге үш жылдан бері автомобиль жолын уәде етіп келеді. Біздің цехтарға 20 тонналық көлік жете алмайды, соған қарамастан біз өнімді экспортқа емес, қосалқы бөлшектер дайындап беріп отырған CLAAS және HORSCH сияқты серіктестерімізге арнап шығарамыз», – деп бөлісті «Reimann» ЖШС басшысы Ольга Вельдяксова.
Қаржылық және көліктік кедергілерден бөлек, инвесторлар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен өзара іс-қимыл кезінде түйткілдердің бар екенін мәлімдеді. Кедергілер, әсіресе, ішкі нарыққа бағдарлану туралы келісімді – Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді (КҚӨҚК) алуда және Отандық тауар өндірушілер тізіліміне енуде туындап отыр. Еске салсақ, өнеркәсіп министрлігімен мұндай келісім жасасу арқылы кәсіпорын өндірісті терең оқшаулауға (локализация) және ішкі нарықты қамтамасыз етуге міндеттеме алады. Бұған жауап ретінде мемлекет компанияға айтарлықтай преференциялар мен салықтық жеңілдіктер ұсынады, оларсыз ел ішіндегі өндіріс бәсекеге қабілетсіз болып қалады.
«2023 жылы тіркеліп, 2 мың шаршы метрлік бірінші кезеңді аяқтадық, жабдықтар әкеліп, оқшаулауды бастадық және тракторлардың алты моделін сертификаттаудан өткіздік. Қазір 5200 шаршы метрді құрайтын екінші цехты салып жатырмыз, аспалы жабдықтар жасауды жоспарлап отырмыз, бірақ Тауар өндірушілер тізіліміне кіре алмай, субсидияларды пайдалана алмай келеміз. Соның кесірінен аграрийлерге 15-20% жеңілдік бере алмаймыз. Министрліктегілер бізге ашықтан-ашық: «Егер Қазақстанда біреу осыған ұқсас компоненттерді шығарып жатса – бас тартылуға дайындала беріңіздер» дейді. Өтінім берген сәттен бастап-ақ, мысалы, кабина шығаратын дайын желінің болуын талап етеді. Тіпті келісу кезеңінде-ақ қолдау орнына бірден бас тарту тәуекелімен бетпе-бет келеміз», – деді «QILU Агро» ЖШС даму жөніндегі менеджері Жасұлан Чилу.
АЭА аумағында «Картон бұйымдары фабрикасы» жобасын жүзеге асырып жатқан «Qyzyljar Company LTD» ЖШС кәсіпорынға қосымша электр қуатын қосу және заманауи депо салу қажеттігін хабарлады. Бұдан өзге, шығындарды азайту үшін кәсіпорынға көлік қызметтерін өтеу және субсидиялар алу талап етіледі.
Айтылған мәселелерге қатысты пікір білдірген «Атамекен» ҚР ҰКП Инвестициялар департаменті директорының орынбасары Назгүл Ұзалина 2026 жылғы 19 маусымнан бастап Ұлттық палатаға жергілікті деңгейде де, үкіметтік деңгейде де жұмыс істеп тұрған отандық инвесторлар мен кеңейіп жатқан кәсіпорындарды сүйемелдеуге арналған «бір терезе» жүйесінің жаңартылған функциялары берілгенін еске салды.
«Біз жобаларды жергілікті де, орталық деңгейде де сүйемелдейміз. Өңірлік палаталарға инвестициялық штабтарда дауыс беру құқығы берілді, бұл өзгерістер Кәсіпкерлік кодекске және ҰКП туралы заңға енгізіліп қойған. Ұлттық палатаның Премьер-министрден тікелей мандаты бар: орталық деңгейде шешуді талап ететін анықталған мәселелерді Үкіметтің жобалық офисіне шығарамыз, ал сұрақтардың бір бөлігін Бас прокуратурамен бірлесіп шешеміз. Келесі қадам – жергілікті деңгейде жобаларды негізсіз ығыстыруды болдырмау үшін барлық инвестжобаларды идея деңгейінен бастап жаңартылған Ұлттық цифрлық платформа арқылы енгізу болмақ», – деп түйіндеді Назгүл Ұзалина.
Кездесу қорытындысы бойынша СҚО Кәсіпкерлер палатасы бизнес-жобаларды іске асыруға және жұмыс істеп тұрған өндірістерді тиімді дамытуға кедергі келтіретін түйткілді мәселелер пулын қалыптастыру үшін «Qyzyljar» АЭА резиденттерінің ресми өтініштерін жинауға кірісті. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП бейінді департаменті көтерілген мәселелерді Үкімет пен тиісті министрліктер деңгейіне шығаратын болады.