Қарағандыда тұрмыстық химияны құятын алғашқы автомат пайда болды

09.09.2026
Қарағандыда тұрмыстық химияны құятын алғашқы автомат пайда болды

Қарағандыда тұрмыстық химияны сатудың жаңа форматы іске қосылды. Жергілікті өндіруші – «WEC Trade» ЖШС, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпазы, қаладағы алғашқы тұрмыстық химия құю автоматтарын орнатты.

«ВЭКОМАТ» Бауыржан Момышұлы даңғылы, 24 мекенжайында пайда болды.

Жаңа форматтың басты ерекшелігі – тұтынушылардың тұрмыстық химияны әр жолы жаңа қаптама сатып алмай-ақ, өзіне қажетті мөлшерде алу мүмкіндігі. Сатып алушы өнімді де, қажетті көлемді де өзі таңдайды.

Осылайша компания бірден екі міндетті шешуді көздейді: сатып алушылар үшін өнімді қолжетімді әрі ыңғайлы ету және артық пластик ыдыстардың қолданылуын азайту.

— Біз тұрмыстық химия өндірісімен көп жылдан бері айналысып келеміз және тұтынушыларымызға ыңғайлы болатын жаңа шешімдерді үнемі іздейміз. «ВЭКОМАТ» идеясының мәні – әр адам өзіне қанша өнім қажет болса, сонша көлемде сатып ала алады. Сонымен қатар әр жолы жаңа қаптама үшін артық ақша төлеудің қажеті жоқ, – деді «WEC Trade» ЖШС директоры Вячеслав Цой.

«WEC Trade» компаниясы Қарағандыда 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын биологиялық жолмен ыдырайтын тұрмыстық химия өнімдерін шығаруға маманданған. Өнім ассортиментінде кір жууға және ыдыс жууға арналған құралдар, сұйық сабын, кірге арналған кондиционерлер, тазартқыштар және басқа да тауарлар бар.

Изображение

Өндіріс бастапқыда шағын көлемде жолға қойылғанымен, уақыт өте келе кәсіпорын ассортиментін кеңейтіп, өндірістік қуатын арттырды. Бүгінде қарағандылық өндірушінің өнімдері еліміздің түрлі өңірлерінде ұсынылған.

Компанияда өнім сапасына және жеке рецептураларды әзірлеуге ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорында зертханалық бақылау жүргізіліп, өнімдер тиісті сәйкестікті растау рәсімдерінен өтеді.

Қарағандылық «WEC Trade» компаниясы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясының жеңімпазы атанды.

Изображение

Кәсіпорын директоры Вячеслав Цой сондай-ақ Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Шағын және орта бизнес кеңесінің мүшесі.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында мұндай жобалардың жүзеге асырылуы өңірлік өндірістің дамып келе жатқанын және жергілікті кәсіпкерлердің тұтынушылармен жұмыс істеудің жаңа форматтарын енгізуге ұмтылатынын атап өтті.

«ВЭКОМАТ» - тың іске қосылуы – қарағандылық өндірушілердің отандық өнімді дамыту мен нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту жолында жаңа шешімдерді іздеп жатқанын көрсететін тағы бір мысал.