«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі Құқықтық даму стратегиясын қалыптастыруды ұсынды
2026 жылғы 9 қыркүйекте Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі отырысында 2026 жылғы Конституцияға сәйкес кәсіпкерлік қызметті құқықтық қамтамасыз етудің бірқатар мәселесі қаралды.
Отырыста қолданыстағы 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жай ғана жаңартып қою жеткіліксіз екені, 2026 жылғы Конституцияға негізделген жаңа Құқықтық даму стратегиясын қалыптастыруға көшу қажеттігі атап өтілді. Соңғы жылдары Тұжырымдама негізінен декларативтік сипат алып, құқықтық реттеу саласында жинақталған проблемаларды жүйелі түрде шешуді қамтамасыз етпеді және қазіргі заманғы сын-қатерлерге толық жауап бере алмады.
Кеңес мүшелерінің пікірінше, заңнамадағы қарама-қайшылықтар мен тұрақсыздық кәсіпкерлер үшін құқықтық белгісіздік туғызып, әкімшілік кедергілер мен реттеушілік тәуекелдерді арттырады. Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында да қолданыстағы заңнаманың бір-біріне жиі қайшы келетін түзетулермен шамадан тыс жүктелгені және оның бизнестің дамуына кедергі келтіретіні атап өтілген болатын.
Сонымен қатар Тұжырымдаманы іске асыру барысында оның басымдықтарында көзделмеген көптеген заңнамалық актілер, соның ішінде құрылыс, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және аумақтық қорғаныс салаларындағы жаңа заңнамалық массивтер қабылданды. Бұл заңнамалық жоспарлаудың неғұрлым жүйелі әрі ұзақ мерзімді моделіне көшудің қажеттігін көрсетеді.
Жаңа Құқықтық даму стратегиясын іске асыру шеңберінде Кеңес жеке меншікті қорғауды күшейтіп, мемлекет пен бизнес арасындағы теңгерімді қалпына келтіруді ұсынады.
«Азаматтық-құқықтық салада кәсіпкерлік қатынастарды реттеуде азаматтық заңнаманың жетекші рөлін қалпына келтіру қажет», – деді Кеңес хатшысы Батыржан Ашитов.

Бүгінде мемлекетпен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен шарттар жасасу кезінде тараптардың құқықтары мен міндеттері арасында елеулі теңгерімсіздік сақталып отыр. Бұл мәселе мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сектордың сатып алуы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, лизинг және жер қойнауын пайдалану салаларында ерекше байқалады.
Кеңес азаматтық айналымның тұрақтылығын, меншік құқығын қорғауды және шарттық қатынастардың болжамдылығын қамтамасыз ететін Азаматтық кодексті жаңғыртудың заманауи тұжырымдамасын әзірлеу қажет деп санайды.
Сондай-ақ, инвестицияларды қорғауға ерекше назар аудару ұсынылды. Инвестициялық режимнің болжамдылығын қалпына келтіріп, инвесторларға берілетін кепілдіктерді күшейтетін инвестициялар туралы жеке кешенді заң қабылдау қажет.
Негізгі ұсыныстардың қатарында инвестициялық жобаның өтелуінің бүкіл мерзіміне азаматтық, салықтық, кедендік және өзге де салалық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету, инвесторды мемлекеттік органдардың негізсіз араласуынан және экспроприациядан қорғау, сондай-ақ залал келтірілген жағдайда тиімді өтемақы тетігін қарастыру бар.
Сонымен қатар жер учаскелерін алып қою кезінде мемлекеттік мұқтаждық деп танылуы мүмкін жағдайлардың толық тізбесін белгілеу ұсынылады. Бұл инвесторлардың қорғалу деңгейін арттырып, мемлекеттің бизнестің мүліктік құқықтарына негізсіз араласу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Кеңес мемлекеттік басқару мен заң шығару процесіндегі жүйелі кемшіліктерді жою қажет деп санайды.
«Бүгінде «мемлекет – кәсіпкер» қатынастарында жауапкершілік теңгерімсіздігі сақталып отыр: бизнес кез келген жағымсыз салдар үшін автоматты түрде жауапкершілікке тартылады, ал лауазымды тұлғалардың заңсыз шешімдері үшін мемлекеттің жауапкершілігі жеткіліксіз болып отыр», – деді Б. Ашитов.
Мемлекеттік реттеудің өзіндік моделін өзгертіп, шешімдерді реактивті түрде қабылдау мен ведомстволық тәсілден реттеудің экономикаға, кәсіпкерлікке және қоғамға тигізетін салдарын бағалауға көшу керек. Мемлекеттік органдар қызметінің негізіне құқық үстемдігі, шешімдердің болжамдылығы және жария әрі жеке мүдделердің теңгерімі алынуға тиіс.
Кеңес ұсыныстарының жеке бір блогы қылмыстық әділет жүйесін реформалауға қатысты
Кәсіпкерлік саласындағы қылмыстық қудалаудың төмендеуі бойынша оң динамика байқалады: осы салада тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2023 жылғы 444-тен 2024 жылы 409-ға, ал 2025 жылы 210-ға дейін азайған.
Сонымен қатар 2014 жылы қылмыстық теріс қылық институтының енгізілуі қылмыстық қудалау аясына негізсіз тартылатын адамдар санының өсуіне алып келді және қылмыстық заңнама бойынша құқық бұзушылықтарды саралаудың артық буынын қалыптастырды. Бұл қылмыстық қудалау субъектілерінің санын кеңейтеді.
Кеңес кәсіпкерлер мен азаматтарды қылмыстық сот ісін жүргізу аясына негізсіз тарту мәселесі әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 28 қаңтардағы кеңесте келтірген деректерге сәйкес, Қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылы тергеген қылмыстық істердің шамамен 40%-ы ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған. Жалпы, қылмыстардың барлық түрлері бойынша 2020–2025 жылдары қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттің белгілері немесе тіпті оқиғасы болмағанына қарамастан тергелген 416,2 мың қылмыстық іс ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған. Осы істер аясында миллионнан астам процестік әрекет жүргізіліп, жүздеген мың азамат сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясына тартылған.
«Қылмыс белгілері туралы жеткілікті деректер болмаған жағдайда толыққанды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастамауға мүмкіндік беретін қылмыс туралы хабарламаларды алдын ала бағалау сүзгісін қалпына келтіру қажет», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Сондай-ақ кәсіпкерлердің процестік кепілдіктерін күшейту және Қылмыстық-процестік кодекс пен Кәсіпкерлік кодекс арасындағы қайшылықтарды жою ұсынылды. Азаматтық-құқықтық және корпоративтік дауларды шешу үшін қылмыстық-процестік тетіктерді пайдалануға жол берілмеуге тиіс. Сонымен қатар қылмыстық істерді қарау кезінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық қорғаушы және қоғамдық айыптаушы институттарын қалпына келтіру ұсынылады.
Тағы бір басым бағыт – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті реформалау. Қолданыстағы ӘҚБтК-де жазалаушы сипат әлі де басым, ал бланкеттік нормалардың көптігі құқықтық белгісіздік туғызады. Кәсіпкер заңда тікелей әрі түсінікті сипатталған нақты іс-әрекет үшін ғана жауапты болуы тиіс.
Кеңес ӘҚБтК-ге ауқымды ревизия жүргізуді, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауапкершілікті қайталайтын нормаларды алып тастауды, ал кәсіпкерлік қызметті реттейтін жекелеген құрамдарды тиісті салалық заңдарға көшіруді ұсынады. Бұл реттеуді неғұрлым икемді етуге, ал санкцияларды құқық бұзушылықтың сипатына сай мөлшерлес белгілеуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Кеңес жаңа Құқықтық даму стратегиясы жекелеген заңнамалық түзетулердің жиынтығы емес, заманауи құқықтық жүйені қалыптастырудың тұтас жоспарына айналуы тиіс деп санайды. Мұндай стратегия заңнаманы дамытудың ұзақ мерзімді басымдықтарын, оларды іске асыру тетіктерін, құқық қолдану тиімділігін бағалау жүйесін, цифрлық мониторинг құралдарын және құқықтық реттеуді жедел түзету мүмкіндігін айқындауы қажет.
«Бизнес үшін жаңа заңдардың қабылдануы ғана емес, ең алдымен тұрақтылық, болжамдылық және заң алдындағы теңдік маңызды. Конституциялық реформа құқықтық реттеуге деген тәсілдерді қайта қарауға және мемлекет пен кәсіпкер бір-біріне қарсы тараптар емес, елдің экономикалық дамуының тең құқылы қатысушылары ретінде әрекет ететін құқықтық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Қ. Сүлейменов.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес ұсынымдар мен материалдарды ақпарат ретінде және тиісті шешімдер қабылдау үшін ҚР Президентінің Әкімшілігіне жолдайды.