5 миллионның қателігі: Грант қаржысын кері қайтарудан қалай сақтануға болады?
2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысының алты кәсіпкері, оның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бес жеңімпазы 5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болған еді. Дегенмен, биыл жүргізілген тексерістен кейін конкурс комиссиясы олардың екеуімен бұған дейін жасалған келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады. Мұндай қадамның себептері СҚО Кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңесінің отырысында сарапталды.
Мемлекеттік гранттар – Қазақстандағы шағын бизнесті қолдаудың маңызды құралы. Бұлай дегенмен, бюджеттен бөлінген 5 миллион теңгені жеңіп алу – істің жартысы ғана. Өңірде өткен жылы жалпы сомасы 29,6 млн теңгеге берілген 6 гранттың бесеуін «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының финалистері, ал біреуін әлеуметтік кәсіпкер алған болатын. Белгілі болғандай, грант алушылармен келісімшарттың бұзылуына негізінен қаражатты игерудегі қателіктер мен құжаттарды рәсімдеудегі салғырттық себеп болған.
«Бізге БАБӨ жобасының финалистері хабарласып, алған гранттарын кері қайтару қаупі төніп тұрғанын айтты. Келешекте жаңа қатысушылар мұндай қателіктерді қайталамас үшін бұл шешімнің себебін білгіміз келеді, сондай-ақ байқауға қатысу шарттарын тағы бір мәрте пысықтаған жөн», - деді СҚО КӘП Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңесінің төрағасы Әсем Рамазанова.
5 миллион теңгеге дейінгі грантқа кімдер үміткер бола алады?
СҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы Шағын және орта бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жанна Қоңқарова түсіндіргендей, бүгінде 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз мемлекеттік грант екі санатқа ғана қолжетімді. Олар – Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне ресми түрде енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлер және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері.
«Тізілімге енуге арналған өтінімдерді тоқсан сайын 1-і мен 15-і аралығында қабылдаймыз. Бұл үшін арнайы комиссия құрылған, өтінім мақұлданған жағдайда хаттама Ұлттық экономика министрлігіне келісуге жіберіледі. Ал министрлік бүкіл Қазақстан бойынша ортақ бұйрықпен бұл тізілімді бекітеді. Тізілімге ену кәсіпкерге 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант алу байқауына қатысуға мүмкіндік береді. Грант берілетін екінші санат – «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері. Өткен жылы біз жалпы сомасы 29,6 млн теңгеге 6 грант бөлдік», - деді Жанна Қоңқарова.
Бұл ретте өтінім беруден бастап келісімшарт жасасқанға дейінгі барлық процедура автоматтандырылған және kezekte.kz платформасы арқылы онлайн өтеді. Жобаны конкурс комиссиясы мақұлдаған жағдайда Кәсіпкерлік басқармасы, «Даму» қоры және грант алушы арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Құжатта аралық әрі жылдық есептер беру арқылы қаражатты алу мен игерудің барлық шарттары жазылады. Онда кәсіпкер грант қаражатының мақсатты жұмсалғанын және барлық талаптардың орындалғанын дәлелдеуі тиіс.
Мемлекет қаржысын кері қайтаруға не себеп болуы мүмкін?
Екі грант алушымен бұрын жасалған келісімшарттарды бұзуға алып келген (мұның арты сот процестеріне де ұласуы мүмкін) жағдайларды талдау бюджет қаражатын игерудегі жүйелі қателіктерді айқындап берді.
«Аталған кәсіпкер әйелдерге тоқталсақ, осы жылдың маусым айында «Даму» қоры мен басқарма өкілдері жобалардың іске асу барысын тексеру үшін жергілікті жерге барды. Тексеру барысында гранттың ереже бұзушылықпен игерілгені анықталды. Ережеде де, келісімшарттың өзінде де грант қаражаты тек қолма-қол ақшасыз есептесу түрінде игерілетіні тайға таңба басқандай жазылған. Түсініктірек айтсақ, Кәсіпкерлік басқармасы бюджет ақшасын жеңімпаздардың жеке шотына емес, тек кәсіпкерлік шотына аударады. Ауылды жерлерде негізінен «Қазпоштамен» жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер Ж.-ға қатысты айтар болсақ, біз ақшаны оның «Қазпоштадағы» көрсеткен шотына аудардық. Ал ол қаражатты шешіп алып, өзінің жеке Kaspi Gold шотына салады да, сол жерден сатушыға төлем жасайды. Ол бұл әрекетін тауарды тегін жеткізу мүмкіндігіне ие болумен және келісімшарт талаптарымен мұқият таныспағандығымен түсіндірді», - деді СҚО ИИДҚБ МБД бөлімінің басшысы Жанна Қоңқарова.
Ол келісімшартты бұзу туралы шешімнің шығуына негіз болған үш басты қателікті атап өтті:
1. Жеке шотқа ақша аудару немесе қолма-қол есептесу
Кәсіпкер грант ақшасын ЖK-ның коммерциялық шотынан шешіп алып, тегін жеткізу қызметін пайдалану үшін өзінің жеке картасына (Kaspi Gold) аударған және тауар ақысын сатушыға содан төлеген. Ал заң бойынша сатып алу процесі тек ЖK-ның ресми шотынан қолма-қол ақшасыз есептесу арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Жеке тұлғалардың жеке карталары арқылы жасалатын кез келген транзакцияға ережелер мен келісімшарт талаптары бойынша қатаң тыйым салынған.
2. Нақты қоса қаржыландырудың (20%) болмауы
Грант алушы өтінім беру кезеңінде 20% өз қаражатының бар екенін көрсеткенімен, белгіленген мерзімде бұл 1 миллион теңгені жобаны іске асыруға нақты жұмсамаған. Кәсіпкердің өзіне тиесілі 20% үлесі грант қаражатымен қатар жоба шеңберінде ресми әрі құжаттамалық түрде игерілуі шарт.
3. Штаттық кестедегі қателіктер
Жиі кездесетін қателіктердің бірі – кәсіпкерлердің өздерін жалдамалы жұмысшылар қатарына қосуы (мысалы, өзін және бір жұмысшыны меңзеп, екі қызметкер деп көрсетеді). Дегенмен, жеке кәсіпкер өзіне-өзі жалдамалы жұмыскер болып саналмайды. Жүйеге тек еңбек шарттары бойынша жұмыс істейтін нақты жалдамалы қызметкерлерді ғана енгізу қажет.
«Грант – ең алдымен бюджет ақшасы, ал әрбір бюджеттік теңге үшін есеп беру керек. Грант беріп, кейін оны кері талап ету біздің басты мақсатымыз емес екенін тағы да қайталап айтқым келеді... Әйтсе де, kezekte платформасының жұмысы былай құрылған: кәсіпкер өтінімде не жазса, сол деректер ЭЦҚ арқылы қол қойылатын келісімшартқа автоматты түрде ауысады. Жұмыс орындарын құру, қаражатты мақсатты пайдалану және жобаның жұмыс істеуі – бұл қатаң сақталуы тиіс келісімшарт талаптары», - деп атап өтті Жанна Қоңқарова.
Сатып алудан кейін артық ақша қалса не істеу керек?
Көптеген грант алушылар айыппұлдардан қорқып, үнемделген қаражатты жасыруға тырысады. Дегенмен, заңнамада қалдық ақшамен жұмыс істеудің заңды механизмі қарастырылған. Басқарма өкілі «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің бірінің тәжірибесінен мысал келтірді.
«Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алғаннан кейін грант алушыда 200 мың теңге қалып қойды. Ол қалған қаражатты қайтару ниеті туралы басқармаға ресми хат жазды. Бұл мәселені комиссия қарауына шығардық, ал комиссия өтінішті қарап, қосымша келісімді бекітті және бизнес үшін ешқандай санкцияларсыз игерілмеген қалдық ақшаны қабылдап алды», - деп түйіндеді СҚО ИИДҚБ МБД бөлімінің басшысы Жанна Қоңқарова.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы болашақ грант алушыларға ЭЦҚ арқылы қол қоймас бұрын келісімшарттың әрбір жолын мұқият оқып шығуды ескертеді. Бекітілген бизнес-жоспардан, қолма-қол ақшасыз есептесу ережелерінен және басқа да белгіленген талаптардан ауытқу, түбінде гранттың толық сомасын қайтару туралы сот талап-арыздарына алып келетінін ұмытпаған жөн.