Туризмге жаңа кедергілер емес, жаңа мүмкіндіктер қажет: бизнес саланы дамытуға бағытталған шешімдер пакетін ұсынды
Әкімшілік кедергілерді азайту, келу туризмін қолдауды күшейту, нарықтағы орнықты әрі болжамды жағдайды қалыптастыру және туристік дестинациялардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешу – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Туристік индустрия комитетінің отырысында бизнестің тарапынан көтерілген негізгі ұсыныстар.
Отырыста ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның, салалық қауымдастықтардың өкілдері, Туристік индустрия комитетінің мүшелері, өңірлік кәсіпкерлер палаталары жанындағы туризм жөніндегі салалық кеңестердің төрағалары, сондай-ақ өңірлерден келген туристік бизнес өкілдері қатысты. Кездесу барысында келу және ішкі туризмді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру және саланы реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі – келу туризмін дамыту. Комитет мүшесі, «Sky Way» ЖШС бас директоры Асем Козбагарова шетелдік туристерді қабылдайтын туроператорларға шикізаттық емес экспортты қолдау құралдарын қолдануды ұсынды. Оның ішінде Қазақстанды шетелде ілгерілету, халықаралық көрмелерге қатысу, экспорттық дебиторлық берешекті сақтандыру және экспорт алдындағы қаржыландыру тетіктері бар.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов бұл ұсыныстың маңызды екенін атап өтіп, Министрлік аталған мәселені тиісті уәкілетті органдармен бірлесіп қосымша талқылауға және пысықтауға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар бизнес келу туроператорларына берілетін субсидияларды әкімшілендіруді республикалық деңгейге қайтаруды, шетелдік туристің елде ең аз болу мерзіміне қойылатын талапты қайта қарауды және бірнеше өңірді қамтитын турлар кезінде туристің Қазақстанда болған жалпы күн санын есепке алуды ұсынады.
Асем Козбагарова, сондай-ақ, QazETA жүйесін енгізуге қатысты бірқатар тәуекелге назар аударды. Бизнестің пікірінше, жүйені міндетті түрде енгізбес бұрын туроператорлардың қатысуымен толыққанды пилоттық кезең өткізу, топтық өтінім беруге мүмкіндік жасау, балама веб-арна қарастыру және техникалық ақаулар туындаған жағдайда жұмыс істеу тетігін алдын ала айқындау қажет.
Туризм индустриясы комитетінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанға ақылы кіруді енгізу мәселесі Министрліктің бақылауында. Бұл ретте аталған тетікті енгізу тәртібі де, төлем мөлшері де нарық өкілдерімен келісіліп, қажетті рәсімдерден өтеді.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Туристік индустрия комитетінің төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов бүгінде саланың жекелеген мәселелерді талқылаудан жүйелі шешімдер әзірлеуге көшуі маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінде кәсіпкерлер тек проблемалар мен кедергілерді айтып қана қоймай, оларды шешудің нақты тетіктерін де ұсынып отыр. Біздің міндетіміз – осы ұсыныстарды жүйелеп, туризмнің республикалық және өңірлік деңгейде дамуын тежейтін мәселелер бойынша нақты шешімдердің қабылдануына ықпал ету», – деп атап өтті Нұрсұлтан Шоқанов.
Комитет мүшесі, ҚТИ ЗТКБ төрағасы Мунирам Ахметова туристік нарықтағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыру мәселесін көтерді. Атап айтқанда, қысқа мерзімге ғана жұмыс істейтін компаниялардың пайда болуына, алаяқтық схемаларға және жүйелі түрде орын алатын банкроттық жағдайларға жол бермеу ұсынылды. Сонымен қатар «авторлық турларды» ұйымдастырушылардың қызметін бақылауды күшейту және Вьетнам бағыты бойынша жүйелі түрде орын алып отырған овербукинг жағдайларына ден қою шараларын қарастыру ұсынылды. Барлық қажетті шараларды, оның ішінде мемлекеттік органның жекелеген функцияларын нарыққа, атап айтқанда туризм саласындағы ӨРҰ-ға беру арқылы жүзеге асыру ұсынылады.
Туристік қызметтердің сапасы мен кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету де маңызды мәселелердің бірі болды. Бизнес гидтерді даярлау талаптарын күшейтуді, оқытудың бірыңғай стандартын енгізуді, тәуелсіз біліктілік емтиханын өткізуді, мерзімді қайта аттестаттауды және шет тілдерін меңгеру деңгейін растауды ұсынады. Сондай-ақ тіркелген гидтер мен экскурсоводтарға кәсіби артықшылықтар жүйесін қалыптастыру және қазақстандық гидтер мен экскурсоводтардың шетелдік заңсыз қызмет көрсетушілерден қорғалуын қамтамасыз ету ұсынылды.
«Балалар-жасөспірімдер туризмінің республикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Қайрат Сұлтановтың балалар лагерлерін басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу туралы ұсынысына қатысты Нұрбол Байжанов Министрлік тарапынан тиісті қаулыға балалар лагерлерінің қызметіне жататын ЭҚЖЖ 55.20.0 кодын енгізу жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігіне хат жолданғанын хабарлады.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Еркін Тікенов Tourism Quality Mark жүйесін жаңғыртып, Алматы агломерациясында туристік нысандардың сапасын бағалаудың пилоттық бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Бағдарлама аясында қонақүйлер мен мейрамханалар ғана емес, туристік инфрақұрылым, абаттандыру нысандары және жаңа туристік объектілер де қамтылмақ.
Аталған ұсынысқа қатысты пікір білдірген «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов бұл жоба бұған дейін де талқыланғанын атап өтіп, нарық өкілдерінен тетігі мен нарық субъектілерін қамту ауқымы жөнінде қосымша ақпарат қажет екенін айтты.
Балалар, білім беру және медициналық туризмді дамытуға да айрықша назар аударылды. Қалалық туризмді дамыту орталығының атқарушы директоры Татьяна Верницкая мектеп оқушыларын туристік сапарларға шығаруды ұйымдастырудың бірыңғай қағидаларын әзірлеуді, мұндай сапарларды ұйымдастыруды кәсіби туроператорларға беруді және саяхаттарды бірлесіп қаржыландыру тетігін қалыптастыруды ұсынды. Сондай-ақ «Жанды сабақтар» жобасы мен Байқоңырға ұйымдастырылатын білім беру турларын жүзеге асыруға қажетті жағдай жасау ұсынылды. Медициналық туризм саласында мемлекеттік медициналық ұйымдар мен туроператорлардың өзара іс-қимыл тетігін пысықтау қажеттігі айтылды.
Өңірлік бизнес те нақты инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Абай облысының өкілі Елена Асылбекова Алакөлдің көлік қолжетімділігін арттыру мәселесіне, оның ішінде Үржар әуежайын дамытуға және әуе рейстерінің географиясын кеңейтуге назар аударды.

Ақмола облысының өкілдері глэмпингтердің қызметін реттеу және балалар лагерьлерін қолдау шараларын кеңейтуді ұсынды. Жамбыл облысы туристік нысандарды дамытудың республикалық тетіктеріне өңірлік объектілерді қайта қосуды және теміржол туризмін дамытуды көтерді. Түркістан облысының өкілдері жолды жөндеу және Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризм инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне назар аударды.
Сонымен бірге туристік саланы дамыту бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл да жүйелі түрде жалғасып келеді. Салалық мемлекеттік органдар бизнес өкілдерімен кездесулерге қатысып, кәсіпкерлер көтерген ұсыныстарды қарастырып, туризмді дамытуға бағытталған практикалық шешімдерді бірлесіп пысықтауда. Мұндай ашық диалог бизнес өкілдерінің пікірін қолдау шараларын, саланы реттеу тетіктерін және туристік инфрақұрылымды дамыту бағыттарын жетілдіру кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
«Туризмнің тұрақты өсуі сапалы инфрақұрылымсыз, түсінікті ережелерсіз және тиімді қолдау шараларынсыз мүмкін емес. Әсіресе кәсіпкерлердің өңірлік бастамалары нақты қолдауға ие болып, мемлекеттік бағдарламаларда көрініс табуы маңызды», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары жүйеленіп, одан әрі пысықтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады. Сонымен қатар жекелеген мәселелер бойынша жұмыс кеңестерін өткізу жоспарланды.