Қарағанды облысында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жер пайдалану ақысының 600 есеге өсуіне қатысты өтінішті қарады
Қарағанды облысының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі «Мансұр» шаруа қожалығы басшысының ауданы 100 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін пайдалану ақысының өсуіне қатысты өтінішін қарады. Жер пайдалану құқығы қайта рәсімделгеннен кейін жылдық төлем 28 953 теңгеден 17,37 млн теңгеге дейін өскен.
Отырысты Кеңес төрағасы Геннадий Жмук басқарды. Жер мәселесі бойынша баяндаманы Қарағанды облысы агроөнеркәсіптік кешені субъектілері қауымдастығы «QAR-AGRO QOLDAU» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Балгат Жумкин жасады.
Жер учаскесі 2005 жылы Бұқар жырау ауданының әкімшілік шекарасында шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген. 2007 жылы ауданның бір бөлігі Қарағанды қаласының әкімшілік шекарасына енгізілді. Бұл ретте жерді пайдалану режимі сақталған.
2021 жылы учаскені пайдалану ақысы жылына 28 953 теңгені құраған. 2026 жылғы маусымда «Мансұр» ШҚ жер пайдалану құқығын сатып алғаннан кейін жаңа есеп жүргізілді. Бұл жолы Қарағанды қаласындағы елді мекендер жерлеріне арналған базалық мөлшерлемелер қолданылған. Нәтижесінде жылдық төлем 17,37 млн теңгеге жеткен.
Бұл ретте жер учаскесінің ауданы, нысаналы мақсаты және нақты пайдаланылуы өзгермеген. Оның 99,2 гектарын шабындық алқаптар құрайды, жер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып отыр.
Өтінішті қарау барысында мемлекеттік органдардың ұстанымдары әртүрлі екені анықталды. Қарағанды қаласының әкімдігі елді мекендер жерлеріне арналған мөлшерлемелерді қолдануды негізді деп санайды. Ал Қазыбек би ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы әкімшілік шекаралар өзгергенге дейін ауыл шаруашылығы жерлеріне жатқызылған және осы мақсатта пайдаланылып отырған учаскелер бойынша тиісті ауыл шаруашылығы жерлерінің мөлшерлемелері қолданылуға тиіс екенін көрсетті.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мансұр» ШҚ шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатыны атап өтілді. Ұсынылған материалдарға сәйкес, бұл режимді қолданатын салық төлеушілер тиісті қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және жерді пайдаланғаны үшін төлемді төлеушілер болып табылмайды. Бұған жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелері кірмейді.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасына облыс прокуратурасының қатысуымен «Мансұр» ШҚ-ға шарт талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіруге, оның ішінде жер учаскесінің тиісті жалға алушысын белгілеу бөлігінде жәрдем көрсетуді ұсынды. Шешім бірауыздан қабылданды.
Сонымен қатар Кеңес «Альтер» еркін даму мектебінің оқу сыныптарында керме және аспалы төбелерді қолдануға қатысты өтінішін қарады.
Мәселе бойынша баяндаманы Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Азамат Даненбаев жасады.
Ұсынылған материалдарға сәйкес, қолданыстағы санитариялық қағидаларда оқу сыныптарында керме немесе аспалы төбелерді тікелей қолдануға тыйым салынбаған. Бұл ретте пайдаланылатын материалдардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы, ал төбелер мен қабырғалар белгіленген санитариялық талаптарға сәйкес келуі қажет.
Мектептің басқа ғимаратында осындай төбелік конструкциялар орнатылған және бұған дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынған. Осыған байланысты Кеңес ұқсас жағдайларда санитариялық талаптарды біркелкі қолдану мәселесін қарады.
Кеңес қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне оқу сыныптарында керме және аспалы төбелерді қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ бұрын берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларды есепке алу мәселелері бойынша ресми түсіндірме алу үшін жүгіну ұсынылды.