Талғар политехникалық колледжі сұранысқа ие техникалық мамандықтар қатарын кеңейтіп, еңбек нарығының заманауи талаптарына сай жаңа бағытты іске қосты. Колледж «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» жаңа мамандығы бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия алды.

24.08.2026
Талғар политехникалық колледжі сұранысқа ие техникалық мамандықтар қатарын кеңейтіп, еңбек нарығының заманауи талаптарына сай жаңа бағытты іске қосты. Колледж «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» жаңа мамандығы бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия алды.

 

Жаңа мамандықтың ашылуы – Алматы облысында инженерлік және техникалық кадрларды даярлау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы, көпқабатты ғимараттар санының артуы және заманауи қоғамдық нысандардың көбеюі лифт және эскалатор жабдықтарын орнату, пайдалану, техникалық қызмет көрсету саласында білікті мамандарға деген қажеттілікті арттырып отыр.

Жұмыс сапары барысында Алматы облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Абдихамитова Карлыгаш Карашаевна колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, жаңа мамандық бойынша студенттерді даярлауға жасалған жағдайларды бағалады. Оқу процесінің өндірістік қажеттіліктермен сабақтас болуы болашақ мамандардың теориялық біліммен қатар, нақты практикалық дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

«Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» бағыты бойынша білім алатын студенттер жабдықтардың құрылымы мен жұмыс қағидаттарын, техникалық қызмет көрсету және қауіпсіз пайдалану талаптарын меңгеріп, заманауи инженерлік жүйелермен жұмыс істеуге қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастырады.

Бұл бастама білім беру ұйымы мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейтуге де мүмкіндік береді. Өйткені бүгінгі кәсіптік білімнің негізгі өлшемі – дипломның өзі емес, түлектің нақты өндірістік міндеттерді орындауға қаншалықты дайын екені.

Жаңа мамандықтың іске қосылуы колледж түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірдегі техникалық кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Ал кәсіпкерлік субъектілер үшін бұл – қажетті мамандарды жергілікті жерде даярлау арқылы өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды мүмкіндігі.

Алматы облысында жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық нысандардың дамуы жалғасқан сайын техникалық бағыттағы кәсіби мамандарға сұраныс та арта береді. Осы тұрғыдан алғанда, Талғар политехникалық колледжінің жаңа мамандықты ашуы – бүгінгі сұранысқа ғана емес, өңірдің болашақ еңбек нарығына жасалған инвестиция.