Мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талаптар: кәсіпкерлерге өзекті түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талаптар: кәсіпкерлерге өзекті түсіндіру жұмыстары жүргізілді
2026 жылғы 10 қыркүйекте Алматы облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Білім мәселелері жөніндегі салалық кеңестің №5 отырысы өтті. Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық кеңес мүшелері және білім беру саласында қызмет атқаратын кәсіпкерлер қатысты. Кездесу офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, барлығы 100-ден астам қатысушы қамтылды.
Отырыстың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын қолданыстағы талаптарды түсіндіру, жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарды 2027 жылдан бастап енгізілетін лицензиялау талаптарына дайындау, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау мәселелері бойынша кәсіпкерлерге жан-жақты ақпарат беру.
Лицензиялауға дайындық – басты назарда
Отырыс барысында Алматы облысының Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптарға тоқталды.
Кәсіпкерлерге білім беру процесін ұйымдастыру тәртібі, қажетті құжаттаманы жүргізу, жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талаптар, сондай-ақ 2027 жылдан бастап енгізілетін лицензиялауға дайындық мәселелері бойынша түсіндірмелер берілді.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының қызметінде жиі кездесетін кемшіліктер мен оларды алдын алу жолдары қарастырылды. Кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік орган өкілдерінен нақты жауаптар алды.
Кездесу барысында талаптарды алдын ала зерделеп, анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюдың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл мектепке дейінгі ұйымдардың жаңа талаптарға жүйелі түрде дайындалуына мүмкіндік береді.
Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы – басты басымдық
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – мектепке дейінгі ұйымдардағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және балалардың тамақтануын дұрыс ұйымдастыру.
Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мектепке дейінгі білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық талаптар бойынша түсіндірме берді.
Атап айтқанда, үй-жайларға, жабдықтарға және объектілерді күтіп-ұстауға қойылатын талаптар, балалардың тамақтануын ұйымдастыру тәртібі, перспективалық және күнделікті мәзірді қалыптастыру, балалардың жас ерекшеліктерін ескеру, тамақтану нормалары және тиісті құжаттаманы жүргізу мәселелері қаралды.
Кәсіпкерлерге санитариялық талаптардың сақталуына тұрақты бақылау жүргізудің және олардың бұзылуына жол бермеудің маңыздылығы түсіндірілді.
Өрт қауіпсіздігі – ерекше бақылауды талап ететін бағыт
Мектепке дейінгі ұйымдар үшін балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесінде өрт қауіпсіздігі ерекше маңызға ие.
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді. Кәсіпкерлерге эвакуациялық жолдар мен шығу жолдарын ұйымдастыру, өрт қауіпсіздігі құралдарының болуы және жарамдылығы, персоналдың өрт немесе төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылы, сондай-ақ алдын алу шаралары туралы ақпарат берілді.
Сонымен бірге бақылау және тексеру іс-шараларына дайындық кезінде назар аударуды қажет ететін негізгі мәселелер айтылды.
Кәсіпкерлердің нақты сұрақтарына жауап берілді
Отырыс ашық диалог форматында өтті. Кәсіпкерлер білім беру, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына қатысты нақты сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Кездесу қорытындысы бойынша мектепке дейінгі ұйымдарды жаңа талаптарға алдын ала дайындау, қолданыстағы нормативтік талаптарды жүйелі түрде зерделеу және анықталған мәселелерді уақытылы шешу қажеттілігі атап өтілді.