Қыс кестені күтпейді: Үлкен Нарында бизнес жылыту маусымына дайындалуда
Жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Демек, кәсіпкерлер үшін жылу және сумен қамту мәселелері күнделікті мәселелер қатарынан кейінге қалдыруға болмайтын маңызды міндеттер санатына ауысуда. Әсіресе ауылдық жерлерде коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысы дүкендер, дәмханалар, қонақ үйлер және басқа да бизнес нысандарының қызметіне тікелей әсер етеді.
Үлкен Нарын ауылында бұл мәселелерді алдын ала талқылау жөн деп шешілді. Үлкен Нарын ауданы Кәсіпкерлер палатасының филиалында жергілікті кәсіпкерлер мен «Нарын Сервис» ЖШС өкілдері бір үстел басына жиналды.
Кездесудің негізгі тақырыбы бизнес нысандарының 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы болды. Кәсіпкерлерді жылумен және сумен жабдықтау, сондай-ақ бизнес субъектілері мен коммуналдық шаруашылық саласындағы берешек мәселелері толғандырды.
Үлкен Нарын ауданы Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Болат Канапиннің айтуынша, мұндай мәселелерді күн суытып, қыс түскен кезде емес, әр жағдайды жан-жақты қарастырып, шешуге мүмкіндік бар кезде алдын ала талқылаған маңызды.
Алайда әңгіме тек коммуналдық мәселелермен шектелген жоқ. Ауданда туризмді дамытуға барған сайын көбірек көңіл бөлінуде. Жаңа мүмкіндіктермен бірге кәсіпкерлердің алдында жаңа сұрақтар да туындайды: қажетті білімді қайдан алуға болады, қызмет көрсету сапасын қалай арттыру керек және бизнесті дамыту үшін қандай шарттармен қаржы тартуға болады?
Кездесуге қатысушылар кәсіпкерлерді қонақ үй бизнесінің негіздеріне оқыту мүмкіндігін де жеке талқылады.
«Қонақ үй немесе қонақтарға арналған үй ашып, туристерге жай ғана тұратын орын ұсыну жеткіліксіз. Бәсекелестік біртіндеп артып келеді, саяхатшылардың да талаптары өзгеруде. Кәсіпкерге қызмет көрсетуді ұйымдастырудан бастап қонақ үй бизнесінің экономикасын түсінуге дейінгі білім қажет. Біз жергілікті туризмнің тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да дамуына мүдделіміз», – деп атап өтті Болат Канапин.
Кездесуде көтерілген тағы бір маңызды бағыт – бизнесті қаржыландыру. Кәсіпкерлерге туризм және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларды несиелендіру мүмкіндіктері, соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы қолдау тетіктері түсіндірілді.
Кездесуге қатысушылардың сұрақтарына Үлкен Нарын ауданы Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Болат Канапин, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Т. Айдарбаева және коммуналдық шаруашылық мамандары жауап берді.