Астанада лифт жабдықтары нарығын дамыту мәселелері талқыланды
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы мен ALPHA GROUP өкілдері лифт жабдықтары нарығының даму перспективалары мен саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу компанияға жасалған жұмыс сапары аясында өтті.
Палата өкілдері лифт жабдықтарымен айналысатын ALPHA GROUP MACHINERY компаниясының жұмысымен танысты. Кәсіпорын лифт жабдықтарын жобалау, техникалық шешімдерді іріктеу, жеткізу және монтаждау жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар іске қосу-баптау, пайдалануға беру және сервистік қызмет көрсету бағыттары бойынша да жұмыс жүргізеді.
Компания өкілдері іске асырылып жатқан жобалар мен тік көлік бағытын дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Кездесу барысында жобаларды жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлер тап болатын бірқатар практикалық мәселелер мен оларды шешу жөніндегі ұсыныстар да ортаға салынды.
Кездесуде бизнес пен Кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара іс-қимыл мәселесіне де назар аударылды. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин ALPHA GROUP өкілдерін Палатаның салалық кеңестерінің жұмысына қатысуға шақырды.

Салалық кеңестер аясында кәсіпкерлер белгілі бір бағыттағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен талқылай алады. Сондай-ақ сала дамуына қатысты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік бар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көтерілген мәселелер бойынша жұмысты жалғастырып, оларды одан әрі пысықтау жөніндегі қадамдарды айқындауға келісті.