«Атамекенде» агробизнес үшін жеңілдікті қаржыландырудың қолжетімділігі талқыланды
«Атамекен» ҰКП-да кредиттік серіктестіктерді және жеке лизингтік компаниялардың жеңілдікті қаржыландыру бағдарламаларына қатысу мәселелері талқыланды.
Астанада мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, кредиттік серіктестіктердің салалық қауымдастықтарының және жеке бизнестің өкілдері қатысқан кеңес өтті. Кездесуде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділігіне тікелей әсер ететін тетіктер негізгі талқылау тақырыбы болды.
Қатысушылар екі негізгі бағытты қарастырды: кредиттік серіктестіктерді одан әрі қаржыландыру және жеке лизингтік компаниялардың жеңілдікті қаржыландыру бағдарламаларына қатысу аясын кеңейту.

«Бүгінде қолданыстағы мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шешімдер әзірлеу маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін сақтау және жеңілдікті кредиттеу мен лизинг құралдарын кеңейтуге жағдай жасау», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Мәселелердің бірі «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ның кредиттік серіктестіктерді ұзақ мерзімді несиелеу бағдарламалары бойынша қаржыландыруды қайта бастау болды.

Қауымдастық пен Кредиттік серіктестіктер одағының өкілдері одан әрі қаржыландыруға қатысты мәселелерді көтерді. Өз кезегінде, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ Кредиттік серіктестіктерді қаржыландыру департаментінің директоры Нұрлан Дәуітов және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктік емес ұйымдарды реттеу департаменті директорының міндетін атқарушы Бағдат Заурбеков бұл мәселенің қазірдің өзінде қаралып жатқанын және оны жедел шешу үшін тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.
«Кредиттік серіктестіктерді одан әрі қаржыландыру мәселесін шешуді жеделдетіп, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында келісілген тәсілдерді айқындау қажет. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін жеңілдікті кредиттеудің қолжетімділігінің төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік береді», – деді Тимур Жаркенов.
Талқылаудың екінші бағыты жеке лизингтік компаниялардың жеңілдікті қаржыландыру бағдарламаларына қатысуына арналды.

Жеке сектор өкілдері сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларындағы жекелеген талаптарды қайта қарау мәселесін көтерді. Атап айтқанда, қаржы институтының соңғы екі жыл ішінде халықаралық рейтингтік агенттіктің «B»-ден төмен емес рейтингіне ие болуы туралы талап талқыланды.
Сондай-ақ, жеке лизингтік компанияларға «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ құрылымдары арқылы жеңілдікті лизинг бағдарламаларына қол жеткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Талқылауға Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, «ТехноЛизинг» жеке лизингтік компаниясының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның және «Даму» қорының өкілдері қатысты.

Тараптар жеке лизингтік компанияларды қаржыландырудың ықтимал тетіктерін және олардың жеңілдікті лизинг бағдарламаларын іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.
«Атамекен» ҰКП-да мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, кредиттік серіктестіктердің және жеке сектордың одан әрі бірлескен жұмысы келісілген шешімдер әзірлеуге және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолжетімді қаржыландыру алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.