Атырауда Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен «Даму» қорының Ашық есік күні өтті

16.09.2026
Атырауда Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен «Даму» қорының Ашық есік күні өтті

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастырған Ашық есік күні қала мен облыстың 200-ден астам бизнес өкілінің басын қосып, кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен, қаржы институттарымен және бизнесті қолдау ұйымдарымен тікелей диалог құруына мүмкіндік берген алаңға айналды.

Іс-шара барысында кәсіпкерлерге бизнесті қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары, оның ішінде жеңілдетілген несие беру, субсидиялау және кепілдік беру тетіктері туралы ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар салық салу және бизнесті жүргізудің басқа да маңызды аспектілері бойынша кеңес алды.

Изображение

Іс-шараға Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы да белсенді қатысты. Палата өкілдері кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу және дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша кеңес беріп, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін түсіндірді.

Кәсіпкерлермен жұмыс жүргізген Палата мамандарының қатарында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Еркебұлан Бадел де болды.

«Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлерге өз сұрақтарына бейінді мамандардан тікелей жауап алуға мүмкіндік береді. Кеңес беру барысында кәсіпкерлерді көбіне қаржылық қолдауға қол жеткізу, бағдарламаларға қатысу шарттары, несие алу мүмкіндіктері, сондай-ақ бизнесті жүргізу мен дамытудың практикалық мәселелері қызықтырды. Кәсіпкерлер палатасы үшін осындай алаңдарда тікелей қатысып, бизнес өкілдеріне қажетті консультациялық қолдау көрсету маңызды», — деді Еркебұлан Бадел.

Изображение

Кәсіпкерлер палатасынан бөлек, бизнес өкілдеріне «Даму» қорының, Атырау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, екінші деңгейлі банктердің және басқа да ұйымдардың өкілдері консультациялық қолдау көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ашық есік күнін өткізу жергілікті атқарушы органдар, қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы кезекті қадам болды. Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлерге өзекті ақпаратты тікелей алуға, маңызды мәселелерді талқылауға және бизнесті одан әрі дамыту үшін тиімді шешімдер табуға мүмкіндік береді.