СҚО Кәсіпкерлер палатасында тариф белгілеу және жылу энергиясының шығыны мәселелері талқыланды
Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кезекті отырысында бизнес үшін тарифтердің қалыптасуы және «Петропавл жылу желілері» ЖШС тарапынан жүргізілетін есептеулер мәселесі қаралды.
Жиынға жылумен жабдықтау кәсіпорнының басшысы Виталий Холоша арнайы шақырылды. Ол кәсіпкерлерге бағаның қалыптасу құрылымын түсіндіріп, бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Өңірлік кеңес мүшелерін мазалаған басты сауал — бизнес субъектілері үшін жылу тарифі қайта көтеріле ме, жоқ па дегенге саяды.
«Тарифті өсіруге келсек, бес жылдық тарифті біз наурыз айында бекіткенбіз. Халық үшін баға 1 қыркүйектен бастап 15%-ға, заңды тұлғалар үшін 1 мамырдан 20%-ға өсті, ал бюджеттік ұйымдар үшін шамамен екі есеге жуықтады. Қазір біз түзетулер енгіздік, сондықтан халық пен заңды тұлғалар үшін қосымша қымбаттау күтілмейді. Яғни, алдағы бүкіл жылыту маусымына олар үшін тарифтер бекітілді. 2024 жылы қабылданған реконструкциялау және модернизациялау туралы заң (халық арасында — МЭКС) шеңберіндегі негізгі жүктеме бюджеттік ұйымдарға түсіп отыр», — деп сендірді «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры Виталий Холоша.
Сондай-ақ ол тарифтің қатаң регламенттелген математикалық модель бойынша есептелетінін және оның құрамына станциядан энергия сатып алу, желілерді пайдалану, қызметкерлердің жалақысы, құбырлар мен жабдықтарды жөндеу шығындары кіретінін түсіндірді. Ал тұтынушылардың үш тобы — тұрмыстық сектор, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар — бұл көлемді өзара бөліседі.
Машина жасау салалық кеңесінің төрағасы Елена Балярихина жылу ысырабын есептеу методикасы мен коэффициенттерді қолданудың әділдігі мәселесін көтерді. Атап айтқанда, ол жылу шығыны үшін төленетін сома ауа температурасының маусымдық құбылуына қарамастан өзгеріссіз қалатынына алаңдаушылық білдірді.
«Шығындарға қолданылатын коэффициенттің қалай есептелетінін еш түсіне алар емеспін. Неліктен, айталық, желтоқсан мен сәуірді салыстырсақ, жылу шығыны бойынша коэффициент өзгермейді? Желтоқсанда күн әлдеқайда суық болса да, шығын сомасы сәуірдегідей 450 мың теңге болып шықты. Иә, бізде жылу трассасының ұзындығы үлкен, бірақ қанша тырыссақ та, ұйымдарыңыздан бұл сауалға тұщымды жауап ала алмай келеміз», — деді Елена Балярихина.
Есептеу тәртібін түсіндірген Виталий Холоша базалық коэффициент құбырдың бір бойлық метрі үшін теңгерімдік тиесілікті саралау актісі мен техникалық паспорт негізінде есептелетінін атап өтті. Есептеу кезінде әрдайым жаңа құбырдың идеалды оқшаулау көрсеткіші алынады. Ал екінші коэффициент төсеу түрін (жер үсті, жер асты немесе төлеу) және ауаның іс жүзіндегі орташа айлық температурасын ескереді.
«Жер асты желісі — бұл басқа коэффициент, ол жер үсті желісінен төмен, бірақ ол да жылу трассасын қалай оқшаулағаныңызға байланысты. Жер үсті желісі болса, бұған жел факторы да әсер етуі мүмкін. Көптеген тұтынушылар негізгі көше желісін оқшауласақ, төледен өтетін бөлігін жылыту міндетті емес деп қате ойлайды. Бірақ іс жүзінде керісінше болып шығады — ең көп шығын дәл осы жерде орын алады», — деп жалғастырды «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры.
Сонымен қатар ол өзінің жылу трассасы учаскелеріне реконструкция немесе күрделі жөндеу жүргізген кәсіпорындар шығын коэффициентін қайта есептеуге өтініш беруге толық құқылы екенін қоса айтты.
Сауда салалық кеңесінің төрағасы Алексей Писаренко «үй жанындағы» шағын дүкендерді бөлек тарифтік санатқа бөлуді немесе оларды жеке тұлғаларға теңестіруді ұсынды.
«Бұрын шағын азық-түлік дүкендерін есептеу қиын болса, қазір бөлек салық коды арқылы бұл мүмкін болып отыр — біз бөлек санатқа бөліндік. Іс жүзінде біз жылу энергиясын тұтынбаймыз деуге болады. Бізде өздігінен жылу бөлетін 15–20 тоңазытқыштан тұр. Батареялардың бәрі өшірулі, жылуды пайдаланбаймыз десек те болады, ал төлемді заңды тұлға ретінде төлейміз. Бөлек санатқа шығармаса да, тым болмаса бізді жеке тұлғаларға теңестірсе екен», — деді Алексей Писаренко.
Дегенмен, жылумен жабдықтау ұйымының басшысы тарифті жеке дара төмендету мүмкіндігін жоққа шығарды. Қазақстан Республикасының заңнамасы тұтынушылардың қатаң үш санатын қарастырады, ал халық есебінен айқас субсидиялауға тыйым салынған. Бұған қоса, адам көп қатынайтын коммерциялық үй-жайлардың іші үнемі суып кетеді.
Көпқабатты тұрғын үйлерге ішкі салынған үй-жайларда орталық жылытудан толық бас тартуға техникалық тұрғыдан жол берілмейді, өйткені бұл ғимараттың ішкі гидравликалық жүйесінің жұмысын бұзады. Жалғыз ерекшелік — коммерциялық майдандары бастапқыда-ақ бөлек элеваторлық тораптармен жобаланатын су жаңа тұрғын үйлер.
«Егер солай болғанын қаласаңыз, мархабат, жаңа үйлердегі коммерциялық үй-жайлар сияқты бөлек торап монтаждап алыңыз. Өздеріңіз реттеп, жауып тастап, тоңазытқышпен жылына беріңіздер», — деп түйіндеді «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры Виталий Холоша.
Бірінші мәселе бойынша талқылауды қорытындылай келе, СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев энергетиктермен осындай кездесулердің арқасында кәсіпкерлер коммуналдық шығындарды өз кәсіпорындарының қаржылық жоспарларына алдын ала енгізіп, тәуекелдерді бағалауға және әрі қарайғы дамуды сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік алатынын атап өтті.