Кәсібилікті дипломсыз да ресми түрде қалай растауға болады
Кәсіптік біліктілікті тану орталықтары мамандарға практикалық тәжірибесін растауға, ал жұмыс берушілерге қызметкерді жұмысқа қабылдау кезіндегі тәуекелдерді азайтуға көмектеседі
Қазіргі еңбек нарығы жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың ықпалымен өзгеріп келеді. Алайда мамандықтар жойылып жатқан жоқ — жұмыстың мазмұны мен мамандарға қойылатын талаптар өзгеруде. Бүгінде негізгі тапшылық кадрлардың өзінен гөрі құзыреттерге, әсіресе ресми түрде расталған құзыреттерге қатысты болып отыр. Бұл туралы 25 жылдық тәжірибесі бар HR-сарапшы, ASSET HR компаниясының директоры, сертификатталған HR-маман, персоналды басқару саласындағы кәсіптік стандарттардың авторы әрі бірлескен авторы Салтанат Алирахим айтты.
Сарапшының айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартысында HeadHunter платформасындағы бос жұмыс орындарының саны 2025 жылмен салыстырғанда 13%-ға қысқарған. Бәсекелестіктің орташа индексі 15,7-ге жетті, яғни бір бос жұмыс орнына орта есеппен осынша түйіндемеден келеді.
Сонымен қатар экономикада кадр тапшылығы әлі де сақталып отыр. 2035 жылға дейін Қазақстанның жаңа кадрларға деген қажеттілігі 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде 1,8 млн бос жұмыс орны жұмысшы мамандықтарына тиесілі болады. Кадр тапшылығы өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, биотехнологиялар және IT салаларында айқын сезіледі деп болжануда. Медицина және педагогика қызметкерлеріне, инженерлер мен білікті жұмысшы кадрларға деген сұраныс та сақталады.
Алайда Салтанат Алирахим атап өткендей, қазіргі негізгі тапшылық жай ғана кадрларға емес, құзыреттерге, әсіресе ресми түрде расталған құзыреттерге қатысты. Жұмыс берушілерге ұзақ уақыт қосымша оқытуды қажет етпей, жұмысқа бірден кірісе алатын мамандар керек. Бұл ретте үміткердің нақты білімі мен дағдыларын тек дипломы немесе түйіндемесі бойынша объективті бағалау қиын.

Бұл міндетті кәсіптік біліктілікті тану орталықтары шешеді. Олар адамның білімі мен дағдыларын кәсіптік стандарттарға сәйкес бағалайтын тәуелсіз аккредиттелген ұйымдар.
Егер белгілі бір мамандық бойынша тиісті білімнің болуы заңнамада міндетті талап ретінде белгіленбесе, бейіндік дипломы жоқ, бірақ практикалық жұмыс тәжірибесі бар адам да өз біліктілігін растай алады. Қазақстан Республикасының «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңы колледжде немесе жоғары оқу орнында алынған формалды білімді ғана емес, курстарда оқу нәтижелерін, өз бетінше білім алуды және практикалық тәжірибені де ескереді. Егер маманның білімі мен дағдылары кәсіптік стандарт талаптарына сәйкес келсе, ол кәсіптік біліктілікті тану орталығында бағалаудан өтіп, ресми құжат ала алады.
Ол үшін үміткер немесе жұмыс беруші career.enbek.kz платформасына кіріп, мамандықты және сәйкес келетін аккредиттелген орталықты таңдауы қажет. Тізілімде экономиканың түрлі салаларындағы 740-тан астам мамандық ұсынылған.
Бизнес үшін қызметкерлерді сертификаттау жұмысқа қабылдау кезіндегі тәуекелдерді азайтуға, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс сапасын арттыруға, сондай-ақ еңбекақы төлеудің неғұрлым ашық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Білікті персоналдың болуы тендерлер мен сатып алуларға қатысу кезінде артықшылыққа айналуы мүмкін.
Салтанат Алирахимнің айтуынша, кәсіптік біліктілікті тану орталығының сертификаты бизнес үшін қызметкерлер біліктілігінің жеткіліксіздігіне байланысты қателіктерден қорғайтын өзіндік «сақтандыру полисіне» айналады.
Біліктілікті тану жүйесі білім беру мен еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы алшақтықты азайтуға да көмектеседі. Жұмыс берушілер мамандарға қойылатын талаптарды қалыптастырады, олар кәсіптік стандарттарда бекітіледі, ал колледждер мен жоғары оқу орындары оқу бағдарламаларын сол талаптарға бейімдейді. Өз кезегінде кәсіптік біліктілікті тану орталықтары түлек немесе жұмыс істеп жүрген маманның қажетті практикалық дағдыларды меңгерген-меңгермегенін тәуелсіз бағалайды.