Зауыттар тоқтап, кадрлар қартаюда: СҚО машина жасаушылары саланың басты мәселелерін талқылады

17.09.2026
Зауыттар тоқтап, кадрлар қартаюда: СҚО машина жасаушылары саланың басты мәселелерін талқылады

Заманауи құрал-жабдықтар мен жоғары әлеуетке ие болуына қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары төмен қуатта жұмыс істеп, сонымен қатар жіті кадр тапшылығын бастан кешуде. Отандық өндірістің тығырыққа тірелуін сала өкілдері СҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес отырысында сөз етті.

Сала өкілдері мұндай тығырықтың басты себебі ретінде ірі мемлекеттік сатып алуларға жолдың жабықтығын айтады. Жергілікті зауыттар жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен елдегі басқа да жүйе құраушы кәсіпорындардың келісімшарттарына қол жеткізе бермейді. Тоқыраудың айқын мысалы ретінде Петропавл ауыр машина жасау зауытын (ПАМЖЗ) атауға болады. Бір кездері қала құраушы кәсіпорын саналған бұл зауыт миллиардтаған қарызымен қайтадан сауда-саттыққа шығарылды. 100% акциясының бастапқы бағасы 17,8 млрд теңгені құрайды. Десе де, сала өкілдері бұл зауытты сатып алатын инвестор табылатынына күмәнмен қарайды.

«Іргедегі Петропавл ауыр машина жасау зауытының қазіргі күйіне көз жасыңды бұламай қарау мүмкін емес. Ал кезінде бұл қаланың күретамыры сияқты ірі кәсіпорын еді, енді, міне, тағы да саудаға түсіп жатыр. Оны тұтастай біреу сатып алады деу қиын. Одан да кәсіпорынды цехтарға бөліп сатса — бизнес оны бөлшектеп болса да алып кетер еді. Кезінде бәріміз ПАМЖЗ-ға, соның ішінде жалақы деңгейіне қарап бой түзейтінбіз, ол кезде зауыттан зауытқа біреудің босып жүргенін де көрмейтін едік», — деп атап өтті кадр тапшылығы мәселесіне ойысқан «ЗМО» ЖШС атқарушы директоры, машина жасау салалық кеңесінің төрағасы Елена Балярихина.

Сала өкілдерінің айтуынша, тіпті тапсырыс болған күннің өзінде жақын арада оны орындайтын маман таппай қалу қаупі бар. Облыс зауыттарында сандық бағдарламамен басқарылатын (СББ) станок операторлары мен баптаушылары, токарьлар мен фрезершілер, электрмен дәнекерлеушілер, слесарь-құрастырушылар, инженер-конструкторлар мен автоматтандыру жөніндегі IT-мамандар жетіспейді.

«Бүгінгі таңда кадр тапшылығы — бұл бүкіл өнеркәсіп саласының өсуін тежеп отырған құрылымдық кедергі. Өндірістік тапсырыстар мен техникалық жабдықтау бола тұра, зауыттарда станок артында тұратын мамандардың қарапайым жоқтығынан құрал-жабдықтар бос тұр. Бұл ретте білікті шеберлердің орташа жасы зейнеткерлік жасқа таяп қалды, ал зауыттардағы жастардың үлесі 20–30%-дан аспайды. Тәжірибе бөлісетін адам жоқ: өңірдегі тәлімгерлік институты іс жүзінде жойылған», — деп жалғастырды Елена Балярихина.

Тіпті біліктілігі жоқ персоналдың өзі тапшы. Сала өкілдерінің сөзінше, бүгінде 120–180 мың теңге жалақыға аула сыпырушы немесе қосалқы жұмысшы табудың өзі мұңға айналған.

Көтерілген мәселелерді шешу жолы ретінде машина жасау кәсіпорындарының өкілдері заңнамалық деңгейде колледж түлектерін, егер кәсіпорын олардың өндірістік тәжірибесін төлеген болса, өндірісте кемінде 3 жыл жұмыс істеп беруді міндеттеуді, жергілікті зауыттарға квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына жол ашуды және оларды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз етуді ұсынады. Өнеркәсіп өкілдері өңірде қараусыз жүрген жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту үшін тіпті масылдық (немесе еңбектен бой тасалау) үшін жауапкершілік нормаларын қайтаруды да алға тартты.

«Кешіріңіздер, бірақ қарапайым қосалқы жұмысшыны немесе аула сыпырушыны табу мүмкін емес. Бұл жерде масылдыққа қарсы заңды қайтару жақсы шешім болар еді деп есептеймін. Қарап көрсеңіздерші, белгілі бір тұрақты тұрағы жоқ адамдардың арасында 40 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті, жас-желең қаншама халық жүр! Көбісінің құжаты болмағандықтан жұмыс істемейді, бірақ бұл мәселені ешкім шешкісі де келмейді, өйткені олар "қайтадан ішіп кетеді, жоғалтады, бұрынғы өмір салтына оралады" деп ойлайды. Алайда осындай заң болса, мұндай мәселелер де туындамас еді, міне, сізге дайын қосалқы жұмысшы кадрлары», — деп түйіндеді «ЗМО» ЖШС атқарушы директоры Елена Балярихина.

Сала өкілдері айтылған барлық мәселелердің шешімін бірлесе іздеу мақсатында СҚО Кәсіпкерлер палатасына облыс әкімінің орынбасарының қатысуымен жиын өткізуді сұрап жүгінді.