Бизнес нақты шешімдерді талап етеді: Қарағанды облысында кәсіпкерлердің жүйелі мәселелері талқыланды

17.09.2026
Бизнес нақты шешімдерді талап етеді: Қарағанды облысында кәсіпкерлердің жүйелі мәселелері талқыланды

Сақтандыру, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі, сот практикасы, цифрландыру және өңірлерді дамыту мәселелері Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында талқыланды. Қатысушылардың басты назары нәтижеге аударылды: кәсіпкерлердің әрбір өтініші нақты мәртебеге ие болып, оған түсінікті жауап берілуі тиіс.

Отырыста бұған дейін көтерілген проблемалық мәселелердің шешілу барысы қаралды. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаевтың айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына бұған дейін 20 мәселе ұсынылған.

Олардың төртеуі шешімін тапқан, бір мәселе ішінара шешілген. Екі мәселе қосымша пысықтауға жіберілсе, бір ұсынысты мемлекеттік орган қолдамаған. Қалған мәселелер бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Шешімін тапқан мәселелердің қатарында жер заңнамасын қолдану, жер қойнауын пайдаланушыларға қызмет көрсететін сервистік компанияларды қолдау, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің өтінімдерін қарау мәселелері бар.

Өңірлік кеңес төрағасы Владимир Алескеров мәселенің қаралған хаттар санымен емес, нақты өзгеріспен бағалануы керектігін атап өтті.

Оның айтуынша, әрбір проблемалық мәселе бойынша тұрақты түрде ақпарат беріліп отыруы қажет. Бұл кәсіпкерлер көтерген мәселенің қай кезеңде тұрғанын және оны шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру құнына қатысты мәселе көтерді. Келтірілген мысал бойынша, 30 әкімшілік-басқару персоналы қызметкері мен бір басшыны сақтандырудың жылдық құны 85 мың теңгені құрайды.

Осыған байланысты Өңірлік кеңес сақтандыру сыйлықақысын есептеу әдістемесіне қатысты сақтандыру ұйымдарының түсіндірмесін алуды ұсынды.

Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларындағы қарсы міндеттемелер мәселесіне де тоқталды. Олардың айтуынша, қолданыстағы талаптар өндірісті жаңғырту кезінде әрдайым кәсіпорынның нақты нәтижесін ескере бермейді.

Мысалы, өндірісте роботтар мен ЧПУ станоктарын енгізу еңбек өнімділігін арттырғанымен, жұмыс орындарының санын азайтуы мүмкін. Ал өндіріс көлемінің өсуі, еңбек өнімділігінің артуы және салық түсімдерінің ұлғаюы экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді.

Отырыста кәсіпкерлерге қатысты сот практикасы да талқыланды. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қылмыстық істер саны 2023 жылы – 444, 2024 жылы – 409, 2025 жылы – 210 істі құраған.

2026 жылдың алғашқы алты айында ӘРПК тәртібімен 368 іс қаралып, оның 79-ы бойынша талап арыздар қанағаттандырылған. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің қатысуымен 99 азаматтық және 7 әкімшілік іс қаралған.

Кәсіпкерлер азаматтық-құқықтық және коммерциялық дауларды қылмыстық құқық бұзушылықтардан нақты ажыратудың маңызын атап өтті. Бұл бизнесті қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеу үшін қажет.

Кәсіпкерлерге арналған Business Go платформасының мүмкіндіктері де таныстырылды. Жылдық төлемі – 15 мың теңге. Платформа онлайн-кассаны, тауар есебін, акциздік маркаларды тексеруді және маркетингтік талдауды қамтиды.

Жүйе НКТ және 1С-пен ықпалдастырылған. Кәсіпкер оны смартфон арқылы да пайдалана алады. Платформаға тіркелмес бұрын демо-нұсқасын сынақтан өткізуге мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, бухгалтерлерге арналған семинар өткізу және платформаның мүмкіндіктерін таныстыру жоспарланған.

Кәсіпкерлік идеялар байқауының нәтижелері де айтылды. 2025 жылы байқауға 80 өтінім түсіп, 20 қатысушы финалға шыққан. Жеңімпаздар төрт бағыт бойынша анықталып, жалпы жүлде қоры 4 млн теңгені құрады.

Биыл өтінім қабылдау 2 қыркүйекте басталып, 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Отырыс өту кезінде байқауға 10 өтінім түскен.

Өңірлік кеңес отырысында аудан-қалалардағы кәсіпкерлердің мәселелері де көтерілді.

Балқашта жеке инвестиция есебінен абаттандырылған жағажайларды пайдалану мәселесі талқыланды. Кәсіпкерлер жағажайларды күтіп ұстауға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға шығын жұмсайды. Алайда қолданыстағы заңнамада мұндай нысандарға келушілер саны мен рұқсат етілетін жүктеме нақты реттелмеген.

Бұқар жырау ауданында кәсіпкерлер қаржыландыруға қолжетімділік пен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселелерін көтерді.

Өңірлік кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша жұмысты жалғастырып, олардың шешілу барысын тұрақты бақылауда ұстауға келісті.