Ақтөбеде Кәсіпкерлер палатасы мен Іскер әйелдер қауымдастығы меморандумға қол қойды
Кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуде олар өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бастамаларын ұсынды.
Кәсіпкер әйелдерге өңірлік «Атамекеннің» жұмысы, Палатаның жобалары, қолданыстағы қолдау құралдары және бизнеске сүйемелдеу көрсетілетін негізгі бағыттар туралы ақпарат берілді.
Палата өкілдері сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске қосқан шағын және орта бизнеске арналған бірыңғай цифрлық экожүйе және сервистер пакеті - BusinessGO туралы таныстырды. Бұл - отандық бизнеске арналған мүлдем жаңа бірыңғай цифрлық өнім. Платформа бизнесті басқарудың, сатуды ұйымдастырудың және есеп жүргізудің негізгі құралдарын бір жерге шоғырландырып, кәсіпкерлер үшін бірегей шешім ұсынады. Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан сатып алынған тауарларды шетелге әкету кезінде шетелдік туристерге ҚҚС-тың бір бөлігін қайтаруға мүмкіндік беретін Tax Free пилоттық жобасы туралы ақпарат берілді.

Кездесу барысында кәсіпкерлердің бастамаларын бірлесіп іске асыру және ілгерілету мүмкіндіктері де жеке талқыланды.
«Біздің ортақ міндетіміз - бизнестің дамуына көбірек мүмкіндік жасау. Сондықтан біз бірлескен бастамаларға ашықпыз және кәсіпкерлерге қажет болған жағдайда Палатаның ресурстары мен құзыреттерін жұмылдыруға дайынбыз», - деді Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.
Іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Бану Тлегенованың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлікті қолдау туралы айтып қана қоймай, күш-жігерді біріктіру аса маңызды.
«Іскер әйелдердің идеялары мен жобалары көп. Олар өз бастамаларын дамытуға, қолдау табуға және жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік алғаны маңызды. Палатамен ынтымақтастық бұл бағытта қосымша мүмкіндіктер береді», - деп атап өтті Бану Тлегенова.
Кездесудің қорытындысы бойынша Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен жұмысты жүргізуге, тәжірибе алмасуға, кәсіпкерлік бастамалар мен жаңа жобаларды іске асыруға негіз қалайды.
Айта кетейік, Бану Тлегенова сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің белсенді мүшесі және Туризм салалық кеңесі төрағасының орынбасары. Осыған байланысты екі ұйымның өзара іс-қимылының практикалық негізі бар.
Жақын арада Қауымдастық мүшелері арасынан кәсіпкерлердің салалық кеңестерінің құрамына кіру мәселесі пысықталатын болады.

