«Жергілікті идеядан - үлкен брендке дейін»: Ақтөбеде «Бір ауыл - бір өнім» жобасының финалистері марапатталды
Бүгін Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл - бір өнім» жобаның он финалисіне құрмет көрсетілді. Кәсіпкерлер сертификаттар мен арнайы мүсіншелерден бөлек, естелік сыйлықтарға ие болды. Ең бастысы - олар үшін бизнесті дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. Палата финалистер үшін мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдерінің қолданыстағы қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Финалист сертификаты 5 млн теңгеге дейінгі грант алуға арналған конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының орынбасары Алмас Салықбаев жобаның финалистерін құттықтап, бизнес-бастамаларды іске асыру үшін гранттарға қатысу бағдарламасына тоқталды. Бұл қаражатты өндірісті кеңейтуге және құрал-жабдықтар сатып алуға бағыттауға болады. Алайда қолдау мұнымен шектелмейді. Кәсіпкерлер палатасы жоба қатысушыларына оқыту мен сараптамалық кеңес беруден бастап, өнімді жетілдіру және оны өңірлік әрі республикалық нарықтарға шығару жұмыстарына дейін сүйемелдеуді жалғастырады.
«Сертификат - келесі кезеңнің бастауы ғана. Әр кәсіпкердің артында бірегей идея, жергілікті шикізат, дәстүр және үлкен еңбек тұр. Біздің міндетіміз - жақсы жергілікті өнімді тұрақты бизнеске айналдыруға көмектесу, кәсіпкерге білім, қолдау және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беру», - деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

Биыл финалистер қатарында түрлі бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлер бар. Олар ет және сүт өнімдерін, табиғи өнімдер мен десерттер, ұн, косметика өндіреді, сондай-ақ дәстүрлі қолөнермен айналысады:
Нұргүл Бижанова, "Бижанова" ЖК - ет өнімдерін өндіру, Ақтөбе қаласы;
Медет Көшербаев, "Көшербаев" ЖК - табиғи қымыз өндіру, Ақтөбе қаласы;
Гүлмира Матбаева, "Матбаева Гүлмира Валерьевна" ЖК - Aqtobe Damderi брендімен шоколадтағы жент өндіру, Ақтөбе қаласы;
Жасұлан Мырзағалиев, "GAZER" ЖШС - Bizdin.Tandau брендімен сүт өнімдерін өндіру, Ақтөбе қаласы;
Гүлжанат Жұмабекова, "Жұмабекова" ЖК - ешкі сүтінен гипоаллергенді сүт өнімдерін өндіру, Әйтеке би ауданы;
Гүлдана Серікқызы - сүйектен сувенирлік бұйымдар жасау, Байғанин ауданы;
Асель Молдашева, "Молдашева" ЖК - құлпынайдан табиғи өнімдер мен десерттер өндіру, Мәртөк ауданы;
Айдос Усенов, "Grand" ЖК - ұн өндіру, Мәртөк ауданы;
Гүлсім Кенжебаева, "Кенжебаева Гүлсім Нұрғалиевна" ЖК - табиғи қара сабын өндіру, Мұғалжар ауданы;
Жадыра Нұрмағамбетова, "Нұрмағамбетова" ЖК - табиғи емдік қымыз өндіру, Хромтау ауданы.
Бұл он кәсіпкердің жетістігінің артында бірнеше айлық еңбек тұр. Палата сарапшылары облыс аудандарында аудит жүргізіп, болашағы бар өндірістер мен кәсіпкерлік идеяларды анықтады. Шілде айында өткен көрме-жәрмеңкеге қатысқан 50 кәсіпкердің арасынан 20 жартылай финалист іріктелді. Кейін өңірлік бренд-комитет он финалисті анықтады.
Бүгінгі марапаттау рәсімі кәсіпкерлер үшін жаңа кезеңнің өзіндік бастауы болды. Алда - гранттық қолдауға арналған конкурс және бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктері.
Осындай кәсіпкерлердің бірі - Мұғалжар ауданынан келген Гүлсім Кенжебаева. Оның табиғи қара және зімбір сабынын өндіру ісі отбасылық рецепттен басталған. Мамандығы бойынша Гүлсім Нұрғалиевна - мұғалім. Жүрегіне жасалған күрделі отадан кейін мүгедектік алып, мектептегі жұмысын тастауға мәжбүр болған. Алайда ол қарап отыруға үйренбеген.

"Бәрі отбасылық рецепттен басталды. Енем далада өсетін шипалы шөптерді қайнатып, өзіне үй жағдайында сабын жасайтын. Өзінің құпияларымен туыстарымен бөлісетін. Шамамен бір жыл бұрын осы қолөнерді кәсіпке айналдыруды шешіп, цех аштым. Қазір тұрақты сатып алушыларым бар. Енді цехты кеңейтіп, брендімізді республикаға танытқымыз келеді. Сондай-ақ, палата Шымкент пен Түркістан облысына кәсіпкерлер үшін тәжірибе алмасуды ұйымдастырғанын атап өтемін. Мен басқа аймақтың тәжірибесін көріп үлгердім, қазір технологиялармен алмасу жұмыстары жүргізілуде", - дейді кәсіпкер.
Бүгінде өндірісте оған жолдасы, келіні және балалары көмектеседі. Өнімнің негізін шөп сығындылары мен табиғи компоненттер құрайды. Өнім қажетті тексерулерден өтіп, сапа сертификатын алған.
Осындай оқиғалар "Бір ауыл - бір өнім" жобасының негізгі мәнін аша түседі. Жобаның мақсаты - өңірлерде бар әлеуетті анықтап, кәсіпкерге жергілікті шикізатты, қолөнерді немесе отбасылық рецептті сұранысқа ие өнімге, ал шағын өндірісті тұрақты бизнеске айналдыруға көмектесу.
Бүгінгі кездесудің маңызды бөлігі - финалистерге практикалық сүйемелдеу көрсету болды. Кәсіпкерлерге өндірісті дамыту барысында кездесетін нақты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі өнімдерді өндіру және өткізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар туралы айтып берді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері субсидиялау, кепілдендіру және кредит беру бағыттарын қамтитын қаржылық қолдау шараларын таныстырды.
Кәсіпкерлік жобаларды қолдау мен қаржыландырудың өңірлік құралдары туралы «Ақтөбе» ӘКҚ» өкілдері айтып берді. Сондай-ақ тауар белгісін тіркеу және зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне жеке тоқталды. Бұл бағыт бойынша Әділет департаментінің мамандары түсіндірме берді.
Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жеке консультациялар алды.



