Алматы бизнесі денсаулық сақтау, білім беру, туризм және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жүйелі мәселелерді көтерді

17.09.2026
Алматы бизнесі денсаулық сақтау, білім беру, туризм және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жүйелі мәселелерді көтерді

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында Мақсат Кикимовтың төрағалығымен Өңірлік кеңестің отырысы өтті. Кездесуді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов жүргізді.

Талқылаудың негізгі тақырыбы кәсіпкерлердің жұмысына тікелей әсер ететін мәселелер болды. Атап айтқанда, медициналық ұйымдар лицензияларының қолданылу мерзімін өзгерту, жекеменшік мектептер мен балабақшаларды қаржыландыру, таулы кластердегі көлік қозғалысын шектеу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.

Денсаулық сақтау саласындағы Салалық кеңестің төрайымы, Өңірлік кеңестің мүшесі Эльмира Әуезова медициналық ұйымдарға бұрын берілген мерзімсіз лицензияларды бес жылдық мерзімге ауыстыру жоспарына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, мұндай шешімдерді қабылдау кезінде заңның кері күші болмайтыны туралы қағидатты ескеру қажет. Клиникалар жұмысының уақытша тоқтатылуының өзі елеулі салдарға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, кредиттік міндеттемелерді орындауға, мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы ұзақ мерзімді жобалардың талаптарын сақтауға кедергі келтіреді. Түптеп келгенде, бұл пациенттер үшін медициналық көмектің қолжетімділігіне де әсер етуі ықтимал.

 

Изображение

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысының А2 компоненті бойынша жекеменшік орта білім беру ұйымдарын қаржыландырудың кешіктірілуі және А1 компоненті бойынша мектептер мен балабақшаларды қаржыландыру мәселелері қаралды.

«Blue Sky Taxi» ЖШС директоры Асқар Төлегенов «Медеу – Тұйық-Су» жолындағы қозғалысты шектеудің салдары туралы айтты. Қала тұрғындары мен туристерді биік таулы кластер нысандарына тасымалдаған компания қозғалыс шектелгеннен кейін жолаушылар ағынының айтарлықтай төмендеуіне және қаржылық шығындарға тап болған. Отырысқа қатысушылар инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізу кезінде бизнестің мүддесін ескерудің, сондай-ақ тасымалдаушылардың туристік нысандарға кіруінің түсінікті тәртібін әзірлеудің маңызын атап өтті.

«ADAL KYZMET GROUP» ЖШС директоры Алма Қараш жеңіл өнеркәсіп өнімдерін мемлекеттік сатып алу саласындағы мәселені көтерді. Мұндай сатып алулар көбіне тауарды сатып алу ретінде емес, «тігін жұмыстары» түрінде рәсімделеді. Соның салдарынан оларға отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары, оның ішінде ұлттық режимнен алып тастау және Ұлттық тауарлар каталогының талаптары қолданылмауы мүмкін.

Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер мен кәсіпкерлердің ұсыныстарын мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп әрі қарай пысықтау үшін Өңірлік кеңестің хаттамасына енгізу туралы шешім қабылданды.