Елорда бизнесі сұранысқа ие мамандарды даярлауға атсалысуда
Колледжді бітірген студенттің еңбек нарығына сенімді қадам басуы үшін не қажет? Тек теориялық білім жеткіліксіз. Мамандықтың қыр-сырын өндірісте меңгеріп, жұмыс үдерісін ішінен көру де маңызды. Осы мақсатта елордадағы кәсіпорындар болашақ мамандарды даярлау ісіне студенттік кезінен бастап араласып келеді.
Астанада колледждер мен кәсіпорындардың өзара байланысын күшейтетін дуальды оқыту жүйесі дамып келеді. Бұл форматта студенттер оқу уақытының бір бөлігін колледжде өткізсе, қалған уақытын тікелей кәсіпорында өткізеді. Нәтижесінде олар жұмыс үдерісімен, заманауи жабдықтармен және жұмыс берушілердің талаптарымен танысып, диплом алғанға дейін тәжірибе жинақтайды.
Қазір елордада дуальды оқытуға 40 мамандық бойынша 22 колледж және 647 кәсіпорын қатысады. 2025–2026 оқу жылы басталғалы бері 5 219 келісімшарт жасалған. Қолданыстағы келісімшарттардың жалпы саны 12 081-ге жетті.
Дуальды оқыту кезінде даярлықтың 60%-ы кәсіпорындағы практикалық оқытуға, 40%-ы колледждегі теориялық білімге бөлінеді. Оқу бағдарламалары да еңбек нарығының нақты сұранысына қарай әзірленеді. Жұмыс оқу жоспарлары кәсіпорындармен келісіліп, өндірістік практика бағдарламалары мен оқу кестелері болашақ мамандықтың ерекшелігі ескеріле отырып жасалады.
Мұндай тәсіл жұмыс берушіге де, студентке де тиімді. Кәсіпорындар өзіне қажетті маманды алдын ала даярлауға мүмкіндік алса, студенттер оқу кезінде кәсіби ортаға бейімделіп, практикалық дағдыларын қалыптастырады.
Бұл бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі медицина саласында да көрініс тауып отыр.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Денсаулық сақтау» салалық кеңесі жанындағы «Стоматологиялық қызмет» кіші салалық кеңесінің отырысында Жоғары медициналық колледж студенттерін елордадағы стоматологиялық клиникаларда практикалық даярлау туралы келісімдер жасалды.
Қазір 20 студент «Diamond Star» ЖШС базасында өндірістік практикадан өтуде. Тағы 10 студент «Голд Денталь» ЖШС-де практикалық даярлықтан өтіп жатыр.
Студенттер үшін бұл - колледжде алған білімін нақты жұмыс орнында сынап көруге, кәсіби ортаға бейімделуге және тәжірибе жинауға мүмкіндік. Ал клиникалар болашақ мамандармен жұмыс істей отырып, саланың кадр қажеттілігін ескеруге және мамандар даярлау үдерісіне тікелей қатысуға мүмкіндік алады.
Өндірістік оқыту мен кәсіби практика кезінде студенттер кәсіпорынның ішкі еңбек тәртібі, еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарын сақтайды. Олардың орындаған жұмысы еңбек өтіліне есептелуі мүмкін. Кәсіпорын өтемақы төлемдерін де белгілеуге құқылы. Ал кәсіби практикадан өткен кезең білім алушының еңбек кітапшасында көрсетілуі мүмкін.
Дуальды оқыту осылайша білім беру мен еңбек нарығын жақындастырып, теорияны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Студент мамандықты аудиторияда ғана емес, нақты жұмыс орнында меңгерсе, кәсіпорын болашақ кадрларды даярлау үдерісіне ертерек араласады.
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы колледждер мен бизнес арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, студенттердің практикалық даярлығын арттыруға және елорданың кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған жұмысты жалғастырады.