Қазақстанда бірыңғай «Суық тізбек» жүйесін құру мәселесі талқыланды
Астанада Қазақстандағы суық тізбек жеткізілімін дамытуға арналған стратегиялық дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, логистикалық компаниялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері мамандандырылған инфрақұрылымды дамыту, стандарттау, цифрландыру және температуралық режим бақыланатын логистиканың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесудегі негізгі тақырыптардың бірі – салқындатылған және мұздатылған жүктерді рефрижераторлық тасымалдау қызметтеріне қойылатын талаптарды белгілейтін ҚР СТ ISO 23412-2026 стандартын енгізу. Құжат температураға сезімтал өнімді қабылдаудан бастап, оны соңғы жеткізу пунктіне дейін тасымалдаудың барлық кезеңін қамтиды.
Талқылауға ҚР Президенті Әкімшілігінің, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның, Көлік министрлігінің, Сауда және интеграция министрлігінің, «Қазтеміртранссервис» АҚ, «СК-Фармация» ЖШС, «Magnum», «KAZLOGISTICS» компанияларының, сондай-ақ Yamato Transport және DPD халықаралық компанияларының өкілдері қатысты.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов суық тізбекті дамытудың өнім сапасын сақтауға және бизнес шығындарын азайтуға тікелей әсер ететінін атап өтті.

«ҚР СТ ISO 23412-2026 стандартын қолдану – логистикалық процестерді стандарттау мәселесі ғана емес. Бірыңғай талаптар температураға сезімтал өнімдердің сақталуын қамтамасыз етуге, олардың бұзылу тәуекелдерін азайтуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және нәтижесінде кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Тимур Жаркенов.
Оның айтуынша, суық тізбектің маңызы ет және сүт өнімдері, балық, жеміс-жидек пен көкөніс, дәрілік заттар, мұздатылған жартылай фабрикаттар және сапасы температуралық режимге тікелей тәуелді өзге де өнімдерді тасымалдау кезінде арта түседі.
«Бизнес үшін температуралық режимнің өнім жолының жекелеген кезеңінде ғана емес, өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл маршрут бойында сақталуы маңызды. Сондықтан суық тізбекке қойылатын стандарттар мен талаптарды бірыңғай жүйе ретінде қарастырған жөн», – деп атап өтті ҰКП өкілі.
Іс-шара барысында келтірілген мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда барлық көлік түрімен 462,7 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға көп. Жүк ағынының өсуі жағдайында мамандандырылған логистикалық инфрақұрылымды дамыту температураға сезімтал өнімдердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етудің маңызды факторларының біріне айналып отыр.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ЕАЭО аясында қолданылатын азық-түлік, сүт, балық және ет өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты техникалық регламенттерді де қарастырды. Бұл құжаттарда өнімдерді өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде температуралық талаптарды сақтау нормалары белгіленген.
Сонымен қатар өңірлік суық тізбек хабын дамыту, Орталық Азияның логистикалық дәліздерін өзара ықпалдастыру, температураға сезімтал өнімдерді импорттау, бөлу және экспорттау инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ дәрілік заттарға арналған суық тізбекті ұйымдастыру тәжірибесі талқыланды.
Yamato Transport халықаралық компаниясының сарапшылары Жапонияның температуралық режим бақыланатын жеткізу, логистикалық процестерді цифрландыру және «соңғы миляны» декарбонизациялау саласындағы тәжірибесін таныстырды. Бизнес өкілдері бөлшек саудада және аквамәдениет өнімдерін экспорттау кезінде суық тізбекті қолданудың практикалық мысалдарымен бөлісті.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар стандарттарды, инфрақұрылымдық және цифрлық шешімдерді одан әрі интеграциялау, сондай-ақ Қазақстанда суық тізбекті дамытудың практикалық тетіктерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.