Түсінікті ережелер мен әділ тарифтер – сақтандыруға деген сенімнің негізі
«Атамекен» ҚР ҰКП сақтандыру нарығын ашық ережелер, әділ тариф қалыптастыру және азаматтар, бизнес пен мемлекет мүдделерінің теңгерімі негізінде дамытуды қолдайды. Тұтынушылардың сақтандыру өнімдеріне деген сенімін арттыру және нарықты ЕАЭО аясындағы бәсекелестіктің күшеюіне дайындау – саланың негізгі міндеттерінің бірі.
Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Алматыда өткен Kazakhstan Insurance Forum 2026 барысында мәлімдеді. Ол Стратегия-2030 аясындағы сақтандыру нарығын заңнамалық дамыту және трансформациялау мәселелеріне арналған панельдік пікірталасқа қатысты.
Тимур Жаркеновтің айтуынша, бизнес үшін сақтандыру саласының дамуы қаржылық жүктемеге, тарифтердің ашықтығына және көрсетілетін қызметтердің сапасына тікелей байланысты.
«Халық пен кәсіпкерлердің сақтандыруға деген сенімін нұсқау арқылы арттыру мүмкін емес. Сенім сақтандыру полисі түсінікті, қолжетімді әрі экономикалық тұрғыдан негізделген кезде қалыптасады», – деді Тимур Жаркенов.
ҰКП жұмысының негізгі бағыттарының бірі – қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша тариф қалыптастыру тәсілдерін жетілдіру. Жобалық кеңсе аясында шетелдік актуарийлермен бірлесіп, тарифтерді, оның ішінде шағын және микробизнес мүмкіндіктерін ескере отырып, икемді әрі математикалық тұрғыдан негізделген тәсілдер қарастырылуда.
ҰКП тәуекелдерді бағалаудың объективтілігін және сақтандыру тарифтерін қалыптастырудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін тәуелсіз актуарлық орталық құруды да қолдайды.
Сақтандыру қызметтерін цифрландыруға да ерекше назар аударылуда. Ұлттық палатаның пікірінше, цифрландыру полисті сатып алудан бастап сақтандыру жағдайын реттеуге дейінгі клиенттің барлық жолын қамтуы қажет. Сонымен қатар сақтандыру сауаттылығын арттыру маңызды. Тұтынушы полис қандай тәуекелдерді қамтитынын, қандай шектеулер барын және сақтандыру жағдайы туындаған кезде не істеу керектігін нақты түсінуі тиіс.
Тағы бір маңызды бағыт – киберсақтандыруды дамыту. ҰКП бұл саладағы талаптар кәсіпорынның нақты қорғалу деңгейін ескеруі, ал сақтандыру құны цифрлық тәуекелдерге сай қалыптасып, бизнеске артық жүктеме түсірмеуі қажет деп санайды.
ЕАЭО жағдайындағы сақтандыру нарығы
Тимур Жаркенов ЕАЭО аясында сақтандыру нарықтарын интеграциялау перспективаларына да тоқталды. Бәсекелестіктің күшеюі отандық сақтандыру компанияларынан тиімділікті арттыруды, цифрлық сервистерді дамытуды және сақтандыру шешімдерінің сапасын көтеруді талап етеді.
«Отандық сақтандыру компаниялары үшін ЕАЭО-ға интеграциялану – өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігін білдіреді. Халықаралық ойыншылардың нарыққа келуі ірі тәуекелдерді басқаруға жаңа технологиялар мен құзыреттерді енгізуге ықпал етуі мүмкін. Ал нақты сектор үшін бұл ірі жобаларды сақтандыру мүмкіндіктерін кеңейтеді», – деп атап өтті Басқарма төрағасының орынбасары.
ҰКП басқа бағыттардың қатарында такафул сияқты баламалы қаржылық құралдарды дамытуды, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда сақтандыру полистерін қамтамасыз ету құралы ретінде пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуді атап өтті.
«Атамекен» сақтандыру нарығын реттеуді жетілдіруге қатысуды жалғастырып, мемлекет, сақтандыру секторы және кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы диалог алаңы ретіндегі жұмысын жалғастырады.