Инвестициялар, логистика және жеңілдіктер: туризмді экономиканың негізгі қозғаушы күшіне қалай айналдыруға болады

14.09.2026
Инвестициялар, логистика және жеңілдіктер: туризмді экономиканың негізгі қозғаушы күшіне қалай айналдыруға болады

 

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Қызмет көрсету саласы мәселелері жөніндегі салалық кеңес ашық диалог алаңына айналды. Билік пен бизнес өкілдері туризмді өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналдыру жолдарын талқылады.

Бүгінде инвестициялардың өсуі мен жаңа жобалар кәсіпкерлердің несие құнының жоғары екендігіне және жобаларды іріктеу талаптарының күрделілігіне қатысты мәселелерімен қатар жүріп отыр.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев кеңесті аша отырып, бүгінде туризм экономиканың толыққанды саласы ретінде қарастырылып отырғанын атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туризмнің өсімі жалғасты. Қазіргі таңда мемлекеттің назары бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға және инфрақұрылымды дамытуға ауысып отыр.

Биыл туристік саланы дамыту жоспары жаңартылды. Онда 66 іс-шара қарастырылған. Алайда туризм инфрақұрылым мен қолжетімді қаржы болған жерде дамиды. Бизнестен өңірдегі туризмді дамытудың перспективалары туралы ғана емес, оның өсуіне кедергі келтіріп отырған мәселелер жөнінде де ақпарат алғым келеді, — деді Жеңіс Тайшытаев.

Қостанай облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Саламатов жылдың жеті айында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 15,9 млрд теңгені құрағанын айтты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 есе жоғары.

Көрсетілген қызметтердің көлемі 1,9 млрд теңгені құрады. Өңірге еліміздің басқа облыстарынан 103 мың адам және 5,8 мың шетелдік турист келген.

Сала инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында халықаралық қонақүй желілерін салу және демалыс орындарын дамыту жобалары бар.

Бизнес көтеріп отырған негізгі мәселелердің бірі — қаржы қаражатының қолжетімділігі. 12,6% мөлшерлеме бизнес үшін жоғары болып отыр. Біз туристік бизнесті дамытуға арналған жеке бағдарлама әзірлеу мәселесін бірнеше рет көтердік. СКП арқылы саланы несиелендіру мүмкіндігі бар, алайда жобаларды іріктеу, несие беру мерзімдері мен мөлшерлемесіне қатысты бірыңғай әрі нақты ережелер мен механизм жоқ, — деді Талғат Саламатов.

Өз кезегінде туристік компаниялар шетелдік тәжірибені енгізуді ұсынды. Оның ішінде маршруттарды арнайы институттар арқылы әзірлеуден бастап, шағын және орта бизнеске салықтық преференциялар беруге дейінгі шаралар бар.

«Best kz» экскурсиялық бюросының басшысы Гүлмира Капенова Түркияда алдымен курортология және туризм институттары туристік маршруттарды әзірлеп, олардың экономикалық тиімділігін есептеп, географиялық тұрғыдан қалыптастыратынын атап өтті. Одан кейін дайын маршруттар бизнеске ұсынылып, кәсіпкерлер оларды туристерге ұсына бастайды.

Бүгінде біз маршруттарды өзіміз қалыптастырып, зерттеп, сонымен қатар өзіміз сататын жағдайда жұмыс істеп отырмыз. Сондықтан туристік әлеует те осы қағидат бойынша қалыптасады. Саладағы шағын және орта бизнес үшін ынталандырудың жеке пакеті қажет деп санаймыз, — деді Гүлмира Капенова.

Ол саланы дамыту бойынша бірқатар ұсынысын ортаға салды. Олардың қатарында ішкі туризм субъектілеріне салықтық преференциялар беру, мемлекеттік қолдауды көрсетілген қызметтердің расталған көлемімен және өңірлік маршруттарды дамытумен байланыстыру ұсыныстары бар.

Сонымен қатар жұмыс орындарын құру, гидтерді даярлау және жергілікті нысандарды туристік маршруттарға тарту көрсеткіштерін ескеру, қолдау тетіктерін бизнес үшін қарапайым, қолжетімді және түсінікті ету ұсынылды.

Спикердің пікірінше, туристік маршруттар үшін өзара байланысқан көлік логистикасы қажет.

Сондықтан облыс орталықтары арасында тікелей өңіраралық әуе рейстерін ынталандырып, әлеуметтік және туристік маңызы бар бағыттарды, әсіресе туристік маусым кезінде қолдау қажет.

Көлік қолжетімділігін жеке мәселе ретінде емес, туристік өнімнің бір бөлігі ретінде қарастыру керек. Себебі турист Қазақстан бойынша саяхатты маршруттың күрделілігіне байланысты емес, саяхаттауға деген қалауына қарай таңдауы тиіс.

Өз кезегінде «Қостанай халықаралық әуежайы им. А. Байтурсынова» АҚ директоры Асқар Бекбосынов ішкі және келу туризмін дамыту үшін облыстар арасындағы әуе қатынасын дамыту қажет екенін атап өтті.

Аймақтық әуе тасымалдарын дамыту туралы Әуежайлар қауымдастығы атынан Үкіметке хат жолдауға бастамашы болдым. Алайда бұл үшін Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу қажет. Себебі қазіргі таңда облысаралық тасымалдардың барлығына тендерді Көлік министрлігі жариялайды.

Біз бұл өкілеттіктерді облыстардың әкімдіктеріне беруді ұсындық. Бұл оларға субсидиялау және облысаралық әуе бағыттарын дамыту мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті әуежай директоры.

Кеңеске қатысушылар Қостанай облысының туристік әлеуетін нақты даму драйверіне айналдыруға кешенді тәсіл ғана мүмкіндік беретіні жөнінде ортақ пікірге келді.

Салалық кеңестің соңында туристік сала өкілдеріне елімізде 27 қыркүйекте атап өтілетін Туризм күні қарсаңында алғыс хаттар табысталды.

Изображение

 

Изображение

 

Изображение