Қарағанды облысындағы туризм: туристер ағынының өсуі жаңа шешімдерді талап етеді
Осы маусымда Қарағанды облысына 400 мыңнан астам турист келді. Оның 200 мыңнан астамы Балқаштың курорттық аймағында демалған. Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Туризм кеңесінің отырысында маусым қорытындыланып, саланы одан әрі дамыту үшін қандай өзгерістер қажет екені талқыланды.
Жыл басынан бері өңірде 14 жаңа туристік нысан ашылды. Тағы 30 жобаға жалпы сомасы 1 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.
«Бизнестің дәстүрлі шағын демалыс базаларымен ғана шектелмей, жыл бойы жұмыс істейтін жобаларға да қызығушылық таныта бастағаны аса маңызды. Жыл басынан бері 14 жаңа нысан ашылды», - деді Қарағанды облысының туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Алайда туристер ағынының өсуі инфрақұрылымдағы әлсіз тұстарды да көрсетіп отыр.
«Sonday» демалыс аймағының директоры Александр Кулинич Шұбартүбек пен Торанғалықтағы сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне, Барковка туристік аймағындағы электр желілерінің жағдайына және Балқаш қаласын абаттандыру мәселесіне назар аударды. Кәсіпкерлер тарапынан мотокросс, джип-триал, кемпинг және фестивальдер өткізуге арналған жеке алаң құру ұсынылды. Сондай-ақ Балқашта халықаралық желкенді регаталар өткізу туралы ұсыныс айтылды.
Оқиғалы туризм де айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Биыл Balkhash Tour Fest фестиваліне шамамен 75 мың қонақ келді.
Сонымен қатар туризмді тек жазғы демалыспен шектемей, жыл бойы дамытуға басымдық берілуде. «Қысқы Балқаш» жобасы аясында балық аулау, қысқы фототурлар, отбасылық бағдарламалар, экологиялық, гастрономиялық және этномәдени туризм бағыттары қарастырылуда.
Тағы бір маңызды бағыт - цифрлық навигация. Өңірде 115 туристік маршрут бекітілген, олар туралы ақпарат Visit Karaganda платформасында орналастырылған. Отырыста Яндекс.Карталар мен Google Maps сервистерін белсендірек пайдалану және туристік нысандарды фотосуреттерімен бірге көрсететін интерактивті карталар жасау ұсынылды.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілі кәсіпкерлерге BusinessGO - бизнес жүргізуге арналған цифрлық экожүйені таныстырды. Сонымен қатар шетелдік сатып алушыларға қосылған құн салығын қайтаруға мүмкіндік беретін Tax Free жүйесі туралы айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша алдағы жұмысқа басымдық берілетін мәселелер айқындалды. Олардың қатарында Балқаш көлінің акваториясын тазарту, көлік қатынасын жақсарту, туристік навигацияны дамыту және дизайн-код талаптарын сақтау бар.