Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінгеннен кейін Көкшетаудағы жекеменшік балабақшаларға арналған коммуналдық қызметтер бойынша есептеулер қайта қаралды
Жаңа оқу жылының басталуымен жекеменшік балабақшаларды ұстауға жұмсалатын шығындар мәселесі қайтадан өзекті бола түсті. Мұндай шығындардың елеулі бөлігін коммуналдық қызметтер құрайды. Осы орайда Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасының жұмысы нәтижесінде Көкшетау қаласындағы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға сумен жабдықтау және су бұру қызметтері бойынша жүргізілген есептеулердің қайта қаралуы маңызды нәтиже болды.
Мәселе мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға қатысатын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қызметін жүзеге асыратын бірқатар жекеменшік балабақшаның «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК тарапынан «Бюджеттік тұтынушылар» санатына жатқызылуына байланысты туындады. Бұл ретте сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне жоғары тариф қолданылған.
Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасына жекеменшік балабақшалардың өкілдерінен, тәрбиеленушілердің ата-аналары мен мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлерінен ұжымдық өтініш келіп түсті. Өтініш иелері балабақшалардың мемлекеттік заңды тұлға мәртебесі жоқ екенін және тиісті шарттар негізінде кәсіпкерлік субъектілері ретінде қызметін жүзеге асыратынын атап өтті.
Палата сарапшылары ұсынылған құжаттарды, шарттарды және қолданыстағы заңнама нормаларын зерделеді.
«Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі іс жүзінде кәсіпкерлік субъектілері тарапынан жүзеге асырылады. Ақмола облысының білім басқармасының ресми жауабына сәйкес, балабақшалар мемлекеттік заңды тұлғалар ретінде жұмыс істемейді, олардың қызметін жасалған шарттар негізінде жеке кәсіпкерлер жүзеге асырады. Бюджеттік ұйымдарға арналған тарифтерді қолдану жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындарының едәуір өсуіне алып келуі мүмкін еді. Қосымша қаржыландыру болмаған жағдайда бұл шығындар мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге түсетіні сөзсіз», — деп атап өтті Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Расул Сыздықов.
Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар үшін коммуналдық төлемдердің өсуі тұрақты шығындардың артуын білдіреді. Қосымша қаржылық жүктеме кәсіпкерлердің қызметкерлердің жалақысын арттыру, материалдық-техникалық базаны дамыту және балалардың болуы үшін жағдайларды жақсарту мүмкіндіктеріне әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді перспективада мұндай шығындар ата-аналар төлемінің мөлшеріне де ықпал етуі ықтимал.
Құқықтық талдау жүргізіліп, жұмыс консультациялары өткізілгеннен кейін мәселе коммуналдық кәсіпорын тарапынан қайта қаралды. Қарау қорытындысы бойынша «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК жекеменшік әріптестерді «Бюджеттік тұтынушылар» санатынан «Өзге тұтынушылар» санатына ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ кәсіпорын бұған дейін шығарылған электрондық шот-фактураларды кері қайтарып, есептеулерді қайта жүргізді және тиісті тұтынушылар санатына белгіленген тарифке сәйкес жаңа шот-фактураларды ұсынды.
«Бұл жағдай бизнесті уақтылы құқықтық қорғау кәсіпкерлердің құқықтарын қалпына келтіріп қана қоймай, салдары жүздеген отбасы мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің мүдделеріне тікелей әсер етуі мүмкін шешімдердің алдын алуға мүмкіндік беретінін көрсетті», — деді Расул Сыздықов.